22.01.2021, 18:01 51869

Ақтөбе облысындағы кеніште төрт жұмысшының қаза болу себебі анықталды

Комиссия мынадай негізгі себептерді анықтады: жұмыскерлердің өздерінің өрескел абайсыздығы; жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзуы; жұмыс өндірісінің тиісінше ұйымдастырылмауы.
Нұр-Сұлтан. 22 қаңтар. Kazakhstan Today - Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу Ақтөбе облысындағы кеніштегі жазатайым оқиғаның себебі болды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Ақтөбе облысының Хромтау ауданындағы "Весенне – Аралчинский" жерасты кенішіндегі топтық жазатайым оқиғаның мән-жайын тергеп-тексеру үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі құрған комиссия 4 жұмысшының қаза болуының негізгі себептерін анықтады.
 
Бұдан бұрын хабарланғандай, жазатайым оқиға 2020 жылғы 30 желтоқсанда кешке жарылыс жұмыстарын орындау кезінде орын алған. "Ақтөбе Мыс компаниясы" ЖШС қызметкерлері: тау-кен шебері Асхат Қайқанов, жарушылар Рустам Шәметов пен Денис Черный, жерасты өздігінен жүретін машиналардың машинисі Берік Жақыпов оқиға құрбандары болды.
 
Еңбекмині топтық жазатайым оқиғаның мән-жайлары мен себептерін тергеп-тексеру үшін Ақтөбе облысы бойынша бас мемлекеттік еңбек инспекторы Саламат Аманбаевтың төрағалығымен арнайы комиссия құрды.
 

Осы жазатайым оқиғаға әкеп соққан мән-жайларды жан-жақты және объективті зерделеп, куәгерлерден сұрау барысында жиналған барлық дәлелдемелер базасын ескере отырып және жұмыс берушінің техникалық құжаттамасы мен материалдарын зерделеу нәтижелері бойынша комиссия осы жазатайым оқиға өндіріспен байланысты деген қорытындыға келді. Комиссия мынадай негізгі себептерді анықтады: жұмыскерлердің өздерінің өрескел абайсыздығы; жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзуы; жұмыс өндірісінің тиісінше ұйымдастырылмауы", - деп хабарлады Еңбекминнің баспасөз қызметі.

 
Комиссия мүшелері қаза тапқан қызметкерлердің туыстарымен кездесіп, оларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес әлеуметтік қорғауға заңды құқықтарын түсіндірді.
 
Арнайы тергеп-тексеру материалдары процестік шешімдер қабылдау үшін Ақтөбе қаласының құқық қорғау органдарына берілді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны