19.01.2010, 11:17 2799

Алматы облысындағы жолдардан екі тәулікте қар құрсауынан 52 адам мен 21 автокөлік шығарылды - ТЖМ

Алматы облысындағы жолдардан екі тәулікте қар құрсауынан 52 адам мен 21 автокөлік шығарылды - ТЖМ

Астана. 19 қаңтар. Kazakhstan Today - Алматы облысындағы жолдардан екі тәулікте қар құрсауынан 52 адам мен 21 автокөлік шығарылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "Перешейка" және "Қаркөл" учаскелері арасындағы күре жолда қалып қойған 6 адам құтқарылды. Бұл аумақта құтқару жұмыстары қаңтардың 17-сі күні кешке басталған болатын. Сол уақытта қар құрсауынан 9 бірлік техника мен 18 адам шығарылды. Дүйсенбі күні тағы бір жеңіл автокөлік пен алты адам табылды.

Сондай-ақ Алматы-Кеген-Нарынқол тас жолы бойындағы "Кеген" асуы аумағында қар астында қалған 19 жолаушысы бар тағы жеті машина құтқарылып, кейін олар өз күштерімен Кеген ауылына қарай қозғалыстарын жалғастырған.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Сарыөзек-Қорғас автожолы бойындағы "Алтынемел" асуында 07 сағат 35 минутта қар құрсауында төрт автокөлік қалып қойған, оның ішінде екі жедел медициналық жәрдем машинасы мен 9 адам бар. Құтқару жұмыстарынан кейін барлық техникалар мен адамдар дін аман Сарыөзек қаласына қарай бет алды.

Ведомстводан мәлім еткендей, 18- қаңтар сағат 12.00-дегі жағдай бойынша барлық құтқару жұмыстары толығымен аяқталды.

Ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты кеше, 18-қаңтарда Қарағанды, Павлодар, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласынан барлық бағыттар бойынша тас жолдарға шығуға тыйым салынды. Аяз салдарынан аталған аймақтарда көліктің барлық түрлері үшін күре жолдардағы қозғалыстар 17-қаңтардан бастап шектеулі.

Қазақстанға күшті әрі суық антициклонның ықпалының сақталуы себепті бүгін, 19-қаңтарда елдің барлық аумағында дерлік үскірік аяз болады деп болжануда. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының кей жерлерінде ауа температурасы минус 41-46 градусқа дейін төмендемек. Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында күндіз 15-23 м/с жылдамдықта жел соғуы ықтимал. Маңғыстау, Атырау, күндіз Ақтөбе облыстарының кей аумақтарында секундына 15-22 метр жылдамдықта жел тұрып, бұрқасындатады. Ал Қостанай және Алматы облыстарының кей жерлерін тұман басады деп болжануда.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны