25.12.2006, 18:16 2795

Алматы полициясы екі адамның өліміне қатысты қылмысты әшкереледі

АЛМАТЫ. 25-желтоқсан. Kazakhstan Today. Алматы полициясы осыдан екі апта бұрын жасалған екі адамның өліміне қатысты қылмысты әшкереледі, деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметінен Kazakhstan Today тілшісіне.

Қылмыс Медеу ауданында жасалған. Қаладағы дәмханалардың бірінде отырған жас жігіт пен көрші үстелде отырған екі жігіттің арасында жаңжал шығып, олар ерегесті жалғастыру үшін далаға шыққан. Бірақ, екі жақтың күші тең болмағандықтан, күдікті пышақ шығарған. Соның салдарынан бір адам сол жерде көз жұмып, екіншісі облыстық ауруханаға бара жатқанда жан тапсырған.

Полиция екі апта өткеннен кейін осы уақытқа дейін қала сыртындағы туыстарында бой тасалап жүрген 25 жастағы жігітті құрықтады. Жігіт өз кінәсін мойындап отыр. Ұсталғанның сөзіне сүйенсек, өте ауыр қылмысқа ол бұзақылықтан болып барған.

Полицияның хабарлауынша ұсталған жігіт бұрын заң бұзбаған. Алматыда ата-анасымен тұрады. Ол қаланың көңіл көтеру орындарында ән айтумен нәпақасын тауып жүрген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны