06.12.2011, 17:33 3421

Алматыда BMW көлігінің жүргізушісі жол поициясының инспекторын соғып кетті

Қайғылы оқиға 5 желтоқсан күні 22 сағат 45 минутта Жұмабаев көшесінің солтүстік айналма жолында орын алды. Жол полициясы Басқармасының арнайы батальонының инспекторы, полиция аға лейтенанты Нұрлан Таңатаров түнгі экипаж құрамында аталмыш аумақта жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген.

Алматы. 6-желтоқсан. Kazakhstan Today - Алматыда BMW көлігінің жүргізушісі жол поициясының инспекторын соғып кетті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, Алматыда қызметтік міндетін атқару барысында жол сақшысы қаза тапты.

Қайғылы оқиға 5 желтоқсан күні 22 сағат 45 минутта Жұмабаев көшесінің солтүстік айналма жолында орын алды. Жол полициясы Басқармасының арнайы батальонының инспекторы, полиция аға лейтенанты Нұрлан Таңатаров түнгі экипаж құрамында аталмыш аумақта жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген.

"Солтүстік айналма жолы қаладағы көлік көп жүретін көшелердің біріне жатады. Осыған байланысты Жол полициясы Басқармасының патрульдік нарядтары бұл аумақты үнемі назарда ұстайды. Қызметтік міндетін автопатрульдеу әдісі бойынша атқарып жүрген жол сақшылары қайғылы оқиғадан бірер минут бұрын жол жүру ережесін бұзған "Тойота" автокөлігін тоқтатқан. Қызмет бабындағы аға лейтенант жол жиегіне тоқтаған "Тойота" автокөлігінің құжаттарын тексеруге бет алған кезде қарсы бағыттың сол жақ қапталымен үлкен жылдамдықпен келе жатқан "БМВ" автокөлігі жол сақшысын қағып кетеді. Көлік жылдамдығын бәсеңдетпестен аталмыш темір тұлпар оқиға орнынан із жасырды",- деп мәлімдеді Алматы қаласы ІІД Жол полициясы Басқармасының үгіт-насихат және БАҚ-пен жұмыс істеу бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Еркін Өтегенов.

"Жол сақшысы оқиға орнында қаза тапты. Оның жансыз денесі қақтығыс орын алған жерде 59 метр жерден табылды. Бұл дегеніміз көлік құралының аса үлкен жылдамдықпен келе жатқандығын көрсетеді. Ал бұл аралықта қаза тапқан Таңатаровтың әріптесі радиобайланыс арқылы оқиға орнынан із жасырған "БМВ" автокөлігі туралы ақпарат береді. Нәтижесінде оқиға орнынан алысқа ұзап кете қоймаған "БМВ" автокөлігін ЖПБ қызметкерлері құрықтады. Қазір тегеурінді темір тұлпар тізгінін ұстаған еш жерде жұмыс істемейтін "Қарасу" ықшамауданының 23 жасар тұрғыны өз кінәсін толығымен мойындады. Өз түсініктемесінде ол сағатына 120 шақырым жылдамдықпен келе жатқанын айтты. Оқиға орнын тексеру барысында көлік құралының тежелу іздерінің мүлдем болмағандығы анықталды",-деді Еркін Өтегенов.

Оның айтуынша, қазіргі таңда адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасуда.

Полиция аға лейтенанты Таңатаров Нұрлан Бейбітбайұлы 1984 жылы дүниеге келген. Ішкі істер органдарында 2008 жылдың шілде айынан бері қызмет атқарып келген. Қызмет барысында 3 рет марапатталған. Үйленген, бір баланың әкесі еді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны