26.11.2015, 19:55 9961

Алматыда науқас әйелін қызғанған күйеуі жедел-жәрдем дәрігерін кірпішпен ұрып реанимациядан бір-ақ шығарды

Науқасқа барып оӊбай таяқ жеді! Алматыда жұмыста жүріп соққыға жығылған жедел-жәрдем дәрігері өлім аузында жатыр. Шақыртуға шыққан 26 жастағы Наркескен Сейсенбаевты сырқаттыӊ күйеуі басынан кірпішпен ұрып сұлатыпты.

Алматы. 26 қараша. Kazakhstan Today - Науқасқа барып оӊбай таяқ жеді! Алматыда жұмыста жүріп соққыға жығылған жедел-жәрдем дәрігері өлім аузында жатыр. Шақыртуға шыққан 26 жастағы Наркескен Сейсенбаевты сырқаттыӊ күйеуі басынан кірпішпен ұрып сұлатыпты. Миына қан құйылған дәрігер бірден комаға түскен. Жалпы жедел жәрдем қызметіне жұдырық ала жүгіретіндер соӊғы уақытта көбейіп барады. Ақ халаттылар бұған дейін де талай мәрте көзі көгеріп, аяқ-қолы сынып жүргендерін айтып шағымданды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Дәрігерлер жабылып әріптестерін құтқаруға талпынуда. Кеше ғана кезекшілікте жүрген Наркескен Сейсанбаев бүгін жансақтау бөлімінде жатыр. Оны жедел жәрдем шақыртқан тұрғындардыӊ өздері өлімші етіп сабаған, деп хабарлайды www.ktk.kz тілшісі.

Нұрсұлтан Төлебаев, фельдшер:

- "Күйеуі болам, мен кірем" деді машинаға. Біз "кірмейсіз қазір түсіріп алайық, кіресіз, түсініп тұрмыз күйеуі екеніӊізді" дедік. Ийелін қызғанды неге еркектерге кеудеӊді көрсетіп тұрсыӊ деп. Сөйтіп, айқай шу шығарды. Наркескенді ұрды, санитарды да ұрды, мені де ұрды.

Төбелес осылайша қызғаныштан туыпты. Дәрігер науқастыӊ кеудесін кардиограммаға түсіре бергенде, күйеуі шатақ шығарған. Ащы судан сілтеп алған тентек жедел жәрдемніӊ екі бірдей қызметкерін тепкілеп, ал дәрігерді кірпішпен сұлатқан.

Қуат Тайтелиев, жедел жәрдем дәрігері:

-Енді жағдайы әрі қарай қалай болады бір құдай біледі. Себебі ол адам болып кетсе, мүгедек боп қалады. 26 жаста, ол әлі отбасын құрып үлгерген жоқ. Ал туыстары кешірім сұрап, ағаттық кетті деп айтудыӊ орнына ол адамды танымаймын деп жатыр.

Сөйтсе, жедел жәрдемдегілердіӊ бұл бірінші таяқ жеуі емес екен. Бірер күн бұрын Елмира Дауылбаеваны да дәл солай сабап жіберіпті. Аурухана төсегіне таӊылған ол енді дәрігер болмаспын деп отыр.

Елмира Дауылбаева, фельдшер:

-Суық қарумен өзіме шабуыл жасады. Оӊ қолым сынды, сол қолымныӊ сіӊірі созылған. Қолым сынды, басым жарақаттанды.

Ал Ақмарал Асанованы науқастардыӊ туыстары тас алып қуған. Ауруға алып-ұшып барған ол аяқ киімін шешпей үйге кіргені үшін жазықты болыпты.

Ақмарал Асанова, кардиолог:

-Дәу тас лақтырды. Дәу көлемді енді айтсам болады, 20-15 см тас. Неше түрлі осындай жағдайлар болмас үшін кішкентай видеорегистраторлар болса, халық кішкене басылатын шығар деген ойдамыз.

Ал дәрігердіӊ басын жарған бұзақы көп ұзамай ұсталды. Енді 3 адамды соққыға жыққан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сейсенбаев Наркескен Нақыпұлы. Комаға түскен жігіттіӊ міне осындай дәрігерлік белгісіне қарамастан бұзақы оны оӊдырмай соққыға жыққан. Тіпті, тірі қалған күнніӊ өзінде Наркескен енді өмірбақи мүгедек боп қалуы мүмкін екен. Бір жылда бір емес, осымен 4-ші мәрте таяқ жеп отырған жедел-жәрдем дәрігерлері бұдан былай Наркескенніӊ оқиғасы қайталанбас үшін өздерін қорғайтын бір заӊныӊ болуын сұрап отыр.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны