14.02.2007, 18:28 2814

Алматыда оқушылардың белгісіз газдан улануына байланысты тағы бір мектепте сабақ тоқтатылды

АЛМАТЫ. 14-ақпан. Kazakhstan Today. Алматыда оқушылардың белгісіз газдан улануы салдарынан тағы бір мектепте сабақ тоқтатылды, деп хабарлады Kazakhstan Today агенттігінің тілшісіне қалалық құтқару қызметінен.

Құтқару қызметінің ақпараттарына сүйенсек, бүгін 11.59-да "Медициналық жедел жәрдем" қызметіне № 16 мектепте бірнеше оқушы белгісіз газдан уланды деген хабар келіп түскен.

Оқиға орнына келіп жеткен құтқару қызметінің қызметкерлері мектеп ғимаратынан 422 адамды шығарды.

Мамандар арнайы құрылғы - газды хроматографтың көмегімен ғимараттың 2-ші қабаты мен 3-ші қабаттарындағы ауа құрамында хлорпикриннің бар екендігін, асханада аз мөлшердегі бутан газының, этил спиртінің және сірке қышқылының бар екендігін анықтады.

Улану салдарынан 13-15 жас аралығындағы бес оқушы қалалық бірінші балалар ауруханасына жеткізілді. Олардың ахуалы орташа деп бағалануда. "Мектепте сабақ тоқтатылды",- деп хабарлады құтқару қызметінен.

Бұрындары хабарлағанымыздай, кеше осы тектес оқиға № 161 Алматы гимназиясында болған. № 161 гимназияда болжам бойынша бутан газынан 23 оқушы уланған болатын. Бүгінгі күні ауруханада олардың екеуі емделуде. Құтқарушылар мектептің асхана ғимаратында бутан газының мөлшері шекті-мүмкін концентрациядан 30 пайыз артық екендігін анықтаған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны