16.08.2006, 10:42 3153

Алматыда жалған құжат арқылы бір ірі банктен 164 миллион тенгені жымқырған үш алаяқ ұсталды

Алматылық із кесушілер алаяқтық жолмен отандық бір ірі банкті тонаған бір топ қылмыскерді құрықтады. Қазір жалған құжат арқылы 164 миллион тенгені жымқырған үш адам қамауда отыр, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі "Хабар" агенттігіне сілтеме жасап.

Тергеу әлі аяқталған жоқ. Сезіктілер қатарын банк қызметкерлері де толықтыруы мүмкін. 6-шілде күні АТФ банктің Алматыдағы бөлімінде болған оқиғаның отандық тергеу тәжірибесіне енері сөзсіз. Шоттардың бірінен 164 миллион теңге бір-ақ мезетте ғайып болып кеткен. Кейін анықталғандай қомақты соманы таңертеңгі сағат 10-да келген салымшылардың бірі 20 минуттың ішінде жалған құжаттар арқылы қолма-қол алып тайып тұрыпты.

Алматы қалалық ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Қайрат Алтаев былай дейді:

- "Бұл қылмыс мамырдан бері мұқият дайындалған. Оны ұйымдастырушылар мамыр айында Голд продукт акционерлік қоғамының ауылшаруашылық өнімдерін сатып алу үшін АТФ банктен 150 миллион тенге несие алғанын білген".

Күдіктілердің ізіне қалай шыққанын тергеу құпиясы деп полицейлер әзірге айтпай отыр. Қазіргі уақытта қылмысты ұйымдастырған ерлі-зайыптылар мен оны орындаушы 44 жастағы Жанар Қажыбеков қамауда отыр. Соңғысы бет әлпетін танымастай етіп өзгерткенімен 20 күннен кейін қолға түсіпті.

Тінту кезінде ұсталғанның үйінен 58 мың 300 доллар табылып, Мерседес автокөлігі тәркіленді. Оны банктен тонаған ақшаға сатып алғанын әлгі жасырмай отыр. Сол күні жедел-іздестіру шаралары кезінде осы қылмысты ұйымдастырған Ибдиева Бақыт пен оның күйеуі Ибдиев Илнұр де қамауға алынды. Олардың туыстарының үйін тінту кезінде 270 мың доллар және 57 миллион тенге табылды.

Полицейлердің айтуынша, бұл істе күдіктілдер саны 3 адаммен шектелмеуі мүмкін. Көлеңке банк қызметкерлеріне де түсіп тұр. 20 минуттың ішінде бір оқ атпай банктен осынша қомақты қаржыны алып шығу бұрын-соңды тергеу тәжірибесінде болып көрмеген оқиға.

Алматы қалалық ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Қайрат Алтаевтың айтуынша,

банкте істейтін біреу ақшаны алдын-ала дайындап қойған. Оның үстіне алаяқтардың қолында Голд продукт компаниясының жалған құжаттары болған. Олар банкте арнайы жәшікте сақталады. Демек, бұдан бұрын банкте істейтін адам олардың көшірмесін жасап қылмысты ұйымдастырушы Бақыт Ибдиеваның қолына тапсырған.

Жақында полицейлер тоналған ақшаның 104 миллионын банкке қайтарды. Қалған 60 миллион теңгенің қалай жұмсалғаны белгісіз қалуда.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны