16.09.2019, 23:24 153240

"Алматы-Шамалған" теміржол өткелінде пойыз бен автобустың соқтығысу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды

Еске салсақ, 15 қыркүйек күні кешкі сағат жетілер шамасында "Алматы - Қостанай" бағытындағы № 43 жолаушылар пойызы мен "Алматы - Қаскелең" бағытындағы "Сетра" маркалы автобус соқтығысып, соның салдарынан автобус жүргізушісі мерт болып, 3 жолаушы - 1986 жылғы әйел адам мен оның 2014 және 2016 жылы туған балалары зардап шеккен.

Алматы. 16 қыркүйек. Kazakhstan Today - 2019 жылғы 15 қыркүйекте сағат 19:08-де "Алматы-Шамалған" жолының реттелетін теміржол өткелінде №43 "Алматы-Қостанай" жолаушылар пойызы мен бағдаршамның тыйым салуына қарамай теміржолға шығып кеткен №456 "Алматы - Шамалған" бағытында жүретін мемлекеттік нөмірі 757 AR 05 "Сетра" маркалы автобусы қақтығысты.

Пойыз машинисі тарапынан шұғыл тоқтау шаралары қабылданғанымен, қақтығыстың алдын алу мүмкін болмады.

Қақтығыс салдарынан автобус жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болып, үш жолаушы Қарасай аудандық ауруханасына жатқызылды.

Оқиға орнында Көліктегі полиция департаментінің және Алматы облысы Полиция департаментінің тергеу-жедел тобы жұмыс жасауда. Олар тиісті тергеу шараларын қабылдауда.

Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексі 344-бабының 2-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Болған жағдайдың себебі мен мән-жайын анықтау мақсатында ҚР ІІМ мен ҚР ИИДМ қызметкерлері есебінен комиссия құрылып, оқиға орнына жіберілді, деп хабарлайды ҚР ІІМ Баспасөз қызметі.

Ал Алматы облысы әкімдігі таратқан ақпаратқа сәйкес, Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы Қарасай ауданы Шамалған ауылындағы Ақсеңгір - Шамалған өткелінде жолаушы пойызы мен автобустың қақтығысуы салдарынан зардап шеккен үш адамның денсаулық жағдайы туралы жаңа мәліметтерді ұсынды.

Белгілі болғандай, Қарасай аудандық орталық аурухананың базасында Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасы мен Алматы қалалық № 1 клиникалық аурухананың дәрігерлері зардап шеккен 2014 жылғы қыз балаға операция жасады, әзірге баланың жағдайы ауыр. Ал 2016 жылғы бүлдіршіннің денсаулық жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр. Екі пациент те комада, жасанды демалдыру аппараттары қосылған. Ал аналарының жағдайы тұрақты ауыр.

Зардап шеккендерге медициналық көмекті жұмылдыру үшін Алматы облысы мен Алматы қаласындағы білікті мамандар тартылды. Олар - Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасының, Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының, Алматы қалалық № 1 клиникалық ауруханасының балалар және үлкендер нейрохирургтары, травматологтары мен реаниматологтары. Зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмектер көрсетілуде.

Жағдай облыс әкімінің жеке бақылауына алынған, науқастардың жағдайы туралы сағат сайын хабарланып отыр.

Еске салсақ, 15 қыркүйек күні кешкі сағат жетілер шамасында "Алматы - Қостанай" бағытындағы № 43 жолаушылар пойызы мен "Алматы - Қаскелең" бағытындағы "Сетра" маркалы автобус соқтығысып, соның салдарынан автобус жүргізушісі мерт болып, 3 жолаушы - 1986 жылғы әйел адам мен оның 2014 және 2016 жылы туған балалары зардап шеккен. Автобуста жалпы саны 67 адам болған. Соқтығысу оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны