09.01.2007, 18:21 3065

Астанада героин өткізуші мен оны есірткімен қамтамасыз ететін жеткізуші құрықталды - Астана қаласының ІІД

АСТАНА. 9-қаңтар. Kazakhstan Today. Астанада есірткі саудасымен күрес басқармасының қызметкерлері героин өткізумен айналысып жүрген әйелді құрықтады. Бұл туралы баспасөз қызметінде Астана қаласының ІІД есірткі саудасымен күрес басқармасының (ЕСКБ) бастығы Серік Аманжолов мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Астаналық ЕСКБ қызметкерлері Астананың 38 жастағы тұрғыны героин өткізеді деген жедел ақпарат алынғаннан кейін оны ұстау үшін арнайы іс-шара жоспарлады",- деді С. Аманжолов. Оның сөзіне сүйенсек, 5-қаңтар күні полиция қызметкерлері "сатып алушы" ретінде героин таратушы әйелмен алдын-ала белгіленген жерде кездеседі. Ол бір грамм героин сату үстінде құрықталды. "Оның пәтерін тінту барысында жедел қызметкерлер тағы 20 грамм героин тапты",- деп атап өтті астаналық ЕСКБ бастығы.

Тергеу барысында ұсталған әйелдің бұрын ұрлық істегені үшін сотталғаны және өзінің көптен бері есірткі пайдаланатындығы анықталды. "Осы күні одан әрі тексеру барысында Астана тұрғыны болып табылатын, есірткі тасымалдаушы да қолға түсті",- деді С. Аманжолов. ЕСКБ бастығының сөзіне сүйенсек, есірткі тасымалдаушыдан 20,27 грамм героин мен 34 мың АҚШ доллары табылып, тәркіленген. С. Аманжолов бұл ақша ұсталғанның есірткі саудасымен айналысқандығының заттай дәлелі болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды.

Оның сөзіне сүйенсек, ұсталған екеу қамауға алынып, оларға қатысты ірі көлемде есірткі сатқаны мен өткізу мақсатында есірткі сақтағаны үшін қылмыстық іс қозғалды. "Қазіргі уақытта астаналық ЕСКБ қызметкерлері бұл героинның Астанаға жеткізілу жолы мен байланыстарын анықтауда",- деді С. Аманжолов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны