14.08.2006, 15:00 2912

Астанада төрт адамды өлтірген күдікті ретінде Ақмола облысының екі тұрғыны ұсталды

АСТАНА. 14-тамыз. Kazakhstan Today. Астанада төрт адамды өлтірген күдікті ретінде Ақмола облысының екі тұрғыны ұсталды. Бұл туралы Астана қалалық ІІД бастығының бірінші орынбасары Марат Демеуов құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Астрахань тас жолының маңында мәйіттері табылған Елордасының төрт тұрғынын өлтіруге қатысты іс үш күннің ішінде ізі суымай ашылды",- деді М.Демеуов. Оның айтуынша, осы іс бойынша арнайы құрылған шұғыл-іздестіру тобы Ақмола облысының екі тұрғынын ұстады. "Қазіргі жағдаймен олардың аталмыш қылмысқа қатыстылығы толық дәлелденді".

"Олардың үстінен ҚР Қылмыстық Кодексінің 96-бабы, 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір адамдардың өмірін қиюға не себеп болғанын анықтау үшін тергеу жүргізілуде". Оның нақтылауынша, "қаза тапқан төртеу жұмыссыз қаңғыбас болған". Тәртіп сақшыларының мәліметіне сәйкес, олардың екеуі буындырылып өлтірілсе, екеуі басынан жарақаттану және пышақталудан қаза тапқан.

Сонымен бірге Астана қалалық ІІД бастығының бірінші орынбасарының айтуынша, автокөлік иелеріне қарақшылық шабыл жасауға қатысты екі оқиғаға қатысы бар күдікті ретінде Оңтүстік Қазақстан облысының бес тұрғыны ұсталды. "Қарақшылық шабуыл оқиғалары өзара өте ұқсас: жігіттер көлігінде демалып отырған кезде оларға таяп келген бес жігіт түтін сұрап, кері жауап алған. Осыдан кейін ешбір себепсіз көліктің әйнегін шағып, ақша мен ұялы телефондарды тартып алған",- деді ол. Оның айтуынша, аталмыш екі қылмысқа қатысы бар күдікті ретінде ұсталған Оңтүстік Қазақстан облысының бес тұрғыны Астанаға құрылыс нысандарына жұмыс істеуге келген. "Олар кешкі уақытта көшеде қыдырып жүріп, азаматтарға ешбір себепсіз шабуыл жасауды әдетке айналдырған",- деді тәртіп сақшысы.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны