23.12.2011, 11:47 3295

Астанадағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде газ жарылып, 4 адам зардап шекті

Бейсенбі күні Астанада Сарыарқа даңғылы, 19 мекен-жайында орналасқан бес қабатты тұрғын үйде газдың жарылуы салдарынан 4 адам жарақаттанды, бірнеше пәтер зақымдалды.

Астана. 23-желтоқсан. Kazakhstan Today - Астанадағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде газ жарылып, 4 адам зардап шекті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, бейсенбі күні Астанада Сарыарқа даңғылы, 19 мекен-жайында орналасқан бес қабатты тұрғын үйде газдың жарылуы салдарынан 4 адам жарақаттанды, бірнеше пәтер зақымдалды.

Төтенше жағдайдың себебі - жиналып қалған газ бен ауа қоспасының жарылуы. Оның арты өртке ұласып, 3-інші кіреберістің екінші қабатында орналасқан пәтер жанды. Онымен бірге, соққы толқынымен бір қабатта орналасқан екі пәтер және екінші кіреберістің екінші қабатында орналасқан тағы екі пәтер зақымдалды.

3 шаршы метр аумақты шарпыған тілсіз жаудың ошағы 21 минуттың ішінде жойылып, тағы 11 минуттан кейін ол толығымен ауыздықталды. Жалынмен күреске ҚР ТЖМ Астана қаласы бойынша ТЖД өртке қарсы қызметінің 29 адамы мен 7 техникасы, ҚР ТЖМ "Орталық өңірлік аэромобильді шұғыл құтқару жасағы" ММ-нің 6 адамы мен 1 техникасы, ҚР ТЖМ "Апат медицинасы орталығы" ММ-нің 3 адамы мен 1 техникасы жұмылдырылды.

Құтқарушылар 40 адамды қауіпсіз аумаққа шығарды. Оқиға салдарынан 26 жастағы азамат, 34 және 77 жастағы екі әйел мен 9 жасар бала зардап шекті. Олар түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны