02.04.2007, 09:59 2767

Атырау облысында түрік компаниясында тамақтан уланған жұмысшылардың саны 497-ге жетті

АСТАНА. 2-сәуір. Kazakhstan Today. Атырау облысында түрік компаниясында тамақтан уланған жұмысшылардың саны 497-ге жетті. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Еске сала кетейік, 27-наурызда Атырау облыстық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне Түркияның "Гате Иншаат" АҚ құрылыс компаниясының жұмысшылары тамақтан улану белгілерімен ауруханаға түсе бастаған. Зардап шеккендердің бәрі сол күні зауыт асханасында тамақтанған. Алдын-ала ақпаратқа сәйкес, жұмысшылардың жаппай улануына олар сол күні жеген құс еті себеп болуы мүмкін.

Министрліктің мәліметіне сәйкес, 1-сәуірдегі 18 сағаттағы жағдаймен зардап шеккендердің саны 497 болды. Соның ішінде 121 адам Атыраудың емдеу-профилактикалық мекемелерінде емделіп жатса, 10 жұмысшы ауруханадан шықты. 366 адам Қарабатан ауылының провизорлық бөлімшесінде тексерілуде, оның ішінде 101 адам шығарылып, қосымша бақылауға алынды.

Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін емдеу желісінің 50 медициналық қызметкері, соның ішінде вахталық ауылдың медициналық мекемелерінің 16 қызметкері, Атыраудың емдеу мекемелерінің 32 қызметкері жұмылдырылды.

Ішкі істер органдары мен компанияның ішкі қауіпсіздік қызметінің күшімен уақытша госпиталь тәулік бойы күзетілуде. Улану себептерін тексеру және эпидемияға қарсы шараларды жүзеге асыру үшін облыстық санитарлық-эпидемилогиялық сараптама орталығының зертханаларының 25 қызметкері тартылды.

Бактериологиялық тексерулердің қорытындысы алынды. "99 науқастан сальмонелла энтеритидис бактериясы, соның ішінде санитарлық-эпидемилогиялық сараптама орталығының бактериологиялық зертханасында 87 (түпкілікті қорытынды), жұқпалы аурулар зертханасында 12 (түпкілікті) қорытынды алынса, 70 зерттеу қорытындысы сальмонеллез деген күдікпен тексеріліп жатыр. Азық-түлік блогының 56 қызметкерінен бактериологиялық зерттеуге материал алынды, оның 26-сы қайталап алынған. 33 қызметкерден серологиялық зерттеуге қан сарысуы алынды",- деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны