12.03.2010, 17:03 3184

Бөгеттің бұзылуы салдарынан Қызылағаш кенті 70%-ға қирады - Алматы облыстық әкімдігі

Бөгеттің бұзылуы салдарынан Қызылағаш кенті 70%-ға қирады - Алматы облыстық әкімдігі

Талдықорған. 12 наурыз. Kazakhstan Today - Бөгеттің бұзылуы салдарынан Алматы облысындағы Қызылағаш кенті 70%-ға қирады, деп хабарлайды Kazakhstan Today Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ільяс Бияхметовқа сілтеме жасап.

"Бөгеттің бұзылуы салдарынан Қызылағаш кенті 70%-ға қирады, кейбір үйлер толық, кейбірі- жартылай қирады", - деді І. Бияхметов.

"Ал құрбандардың нақты саны туралы ешкім айта алмайды, қазір іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайлар мекемесі ресми түрде алты адам деген санды атаған, бірақ бәрі одан әлдеқайда көп деп айтып жатыр", - деді ол.

Қазір Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтың төрағалығымен штаб отырысы өтуде. "Ертең үкімет басшысы Кәрім Мәсімов президенттің тапсырмасы бойынша ахуалмен танысу үшін Ақсу ауданына ұшып келеді", - деді І. Бияхметов.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ТЖМ ақпаратына сәйкес, "Ақсу ауданындағы Қызылағаш су қоймасында жаңбыр мен ауа температурасының көтерілуі салдарынан сағат 22.20-да тоғанның шығыс жағы бұзылды. Соның салдарынан 3 мың адам тұратын Қызылағаш ауылындағы 257 үй су ішінде қалды".

"Қатерлі аймақта тұратын тұрғындарға хабар беріліп, олар Талдықорғаннан келген 6 автобуспен тасымалдануда", - делінген ТЖМ хабарламасында.

ТЖМ мәліметінше, "қаза тапқандар бар, олардың аты-жөні мен саны нақтылану үстінде".

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, сондай-ақ, тасқын суы Алматы-Өскемен тас жолының бойындағы Қызылағаш көпірін шайып кетті.

Қазіргі жағдаймен тасқын зардаптарын жою үшін облыс әкімінің орынбасары А.Баталов, Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Д.Данаевтың басшылығымен жедел штаб құрылды. Төтенше жағдайдың зардаптарын жоюға ҚР ТЖМ Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамының 45 адамы мен 10 техникасы, "Республикалық жедел құтқарушы отряд" МБ-ның 23 адамы мен 7 техникасы, ҚР ТЖМ №28237 әскери бөлімшесінің 120 адамы мен 4 техникасы, ҚР ТЖМ №68303 әскери бөлімшесінің 9 адамы мен 2 техникасы, "Қазселденқорғау" МБ-ның 16 адамы мен 8 техникасы, "Апаттық медицина орталығы" МБ 15 адамы мен 5 техникасы, облыстық әкімдіктің 5 техникасы, ҚР ІІМ Алматы облыстық ІІД жеке құрамының 100 адамы жұмылдырылған.

Төтенше жағдайдың зардаптарын жою бойынша апаттан құтқару жұмыстары мен барлық қажетті шаралар қолданылуда, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны