17.01.2012, 14:10 3218

Costa Concordia кемесінде із-түзсіз кеткен адамдарды іздеу жұмыстары жалғасуда

"Коста Конкордия" саяхат кемесінің апатқа ұшыраған жерінде жұмыс істеп жатқан құтқарушылар тағы бір ер адамның мүрдесін тапты.

Астана. 17-қаңтар. Kazakhstan Today - Costa Concordia кемесінде із-түзсіз кеткен адамдарды іздеу жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Хабар агенттігінің хабарлауынша, "Коста Конкордия" саяхат кемесінің апатқа ұшыраған жерінде жұмыс істеп жатқан құтқарушылар тағы бір ер адамның мүрдесін тапты.

Сонымен апат құрбандарының саны алтыға жетті. Жолаушының денесі кеменің төменгі палубаларының бірінде табылған. Соңғы мәліметтер бойынша, 16 адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Батып бара жатқан кемеден құтқарылғандардың арасында 7 қазақстандық жолаушы да бар.

Үш мың екі жүз жолаушы мен экипаждың 1 мың 23 мүшесі бар кеме, 14 қаңтарға қараған түні Джильо аралы маңында қайраңға отырып, суасты жартасына соғылған. Алғашқыда тез қисая бастаған кеме бір жағына құлап, жарым-жартылай суға батып кетті. Жолаушылардың көбі кемедегі құтқару қайықтарына тиеліп, Джильо аралына аман-есен жеткізілген.

"Бір уақытта бір соққыны сездік, дастархандағы барлық ыдыс құлап, төменде айқай-шу басталды. Ешкім ештеңе деп жариялаған жоқ. Эвакуация басталғанда жұрттың бәрі жүгіріп, құтқару қайықтарына ұмтылды. Қатты үрейленген жұртшылық бірін-бірін баса көктеп, не істерлерін білмей дал болды", дейді оққы кезінде отбасымен үлкен баласының туған күнін тойлап жатқан Қазақстандық Наталья Корсунская.

Құтқарылған қазақстандықтар, әскери флотта істеген теңізші Александр Корсунский және кеме аспазы Владимир Корсунский лайнердің экипажы құтқару ережелерін дұрыс орындамады. эвакуацияны ерте жасау керек еді,-деген ойда. Апатқа не себеп болғаны әзірше белгісіз. Кеме капитаны Франческо Скеттиноның айтуынша, "Коста Конкордия" картада белгіленбеген жартастарға соғылған. Ал ақпарат құралдары: кеменің апатқа ұшырауына капитанның кемені жағаға тым жақындата жүргізуі себеп болғанын айтады.

"Мен мұндай берекесіздіктен шошыдым. Кеменің экипажы қайықтарға бірінші болып отырып алды, ал жолаушылар шетте қалып калды. Адамдар ашуланып, есіктерді тебе бастады. Экипаж, құтқару күртешелерін киіңдер,-деп айту керек еді. Біз, былайша айтқанда өзімізді-өзіміз құтқардық",- дейді кемеде болған тағы бір отандасымыз Владимир КОРСУНСКИЙ.

"Эвакуация дұрыс ұйымдастырылмады. Капитан ештеңе деген де жоқ. Кеме мінбесінде оның орнында тек оның аға көмекшісі ғана болды",- деген мағлұмат берді кемеде болған ҚР азаматы Александр КОРСУНСКИЙ.

Сонымен қатар капитан апат кезінде төтенше жағдайлар ережелерін бұзған. Ол батып жатқан кемеден жолаушылардың түгел шығарылуын күтпестен өзі кетіп қалған. Жағаға түскен Франческо Скеттини қамауға алынып, оған абайсызда кісі өлтіру айыбы тағылған. Ұзындығы 290 метрлік кемеде 1 мың 500 каюта-бөлме, 4 бассейн, 5 мейрамхана бар.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны