01.02.2010, 14:15 2821

"Дарьял-У" радиолокациялық станциясының құлаған ғимаратында үйіндінің астына қалған барлық адамдардың мәйіттері табылды

"Дарьял-У" радиолокациялық станциясының құлаған ғимаратында үйіндінің астына қалған барлық адамдардың мәйіттері табылды

Астана. 1 ақпан. Kazakhstan Today - Қарағанды облысында "Дарьял-У" радиолокациялық станциясының құлаған ғимаратында үйіндінің астына қалған барлық адамдардың мәйіттері табылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "бүгін сағат 09.35-те апаттан құтқару жұмыстары кезінде 31 жастағы Медаль Тухуловтың мәйіті табылып, сағат 10.05-те үйінді астынан алынды".

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, "кеше сағат 18.00-де іздестіру жұмыстарының барысында үйінді астына қалған 27 жастағы Валерий Фрейдманның мәйіті табылды, ол басынан алған ауыр жарақаттан көз жұмған, қалғандарын іздестіру жұмыстары одан әрі жалғасуда".

Еске сала кетейік, Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы Балхаш-9 атты бұрынғы әскери қалашықта бұрынғы "Дарьял-У" радиолокациялық станциясының құлаған ғимаратында үйіндінің астына қалған адамдарды іздестіру жұмыстары жалғасуда. 22 қаңтарда "Дарьял-У" радиолокациялық станциясының құрылғылары мен қондырғыларын бұзу жұмыстары кезінде ғимарат қирады.

Құтқару жұмыстары кезінде 40 жастағы Ғалымжан Башеевтің мәйіті табылды. Зардап шеккен үш адам, атап айтсақ, 27 жастағы Валерий Фрейдман, 31 жастағы Самархан Машенов пен Медаль Тихулов үйінді астында қалып қойған.

ТЖД мәліметінше, ғимаратты бұзу заңсыз жүргізілген. Ғимарат елдімекендерден шалғайда орналасқан. "Соған қарамастан, қолы жететін жерден металл кесіп алуға талпынатын адамдар баршылық. 18 қабатты үлкен ғимарат бір кезде Қазақстандағы ең биік үйлердің біріне саналатын. Ғимарат табанының ені - 60 метр, ұзындығы - 100 метрге тең", - дейді құтқарушылар.

"Зерттеулер жүргізген эколог мамандардың мәлімдеуінше, ғимаратқа улы полихлордифенил сіңіп қалған, ол - аса қауіпті. Осыған байланысты экологтар осы өңірді төтенше экологиялық ахуал аймағы деп тануды талап етуде", - деп хабарлайды ТЖД.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны