11.03.2007, 08:58 3124

Елімізде үш ірі жол апатынан бес адам қаза тауып, он алты адам жараланды

АСТАНА. 11-наурыз. Kazakhstan Today. Елімізде өткен тәулікте үш ірі жол апатынан бес адам қаза тауып, он алты адам жараланды. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Екі ірі жол апаты республиканың Елордасында болды. Мәселен, сенбі күні таңертең "Ауди" автокөлігінің жүргізушісі Абылайхан даңғылы мен Мухтумкули көшелерінің қиылысында "Мицубиси" автокөлігімен соғысты. Соның салдарынан соңғы көліктің жүргізушісі көлігінің тізгінін басқара алмай, №4 бағытты троллейбуспен соғысты. Апаттан троллейбуста отырған алты жолаушы, соның ішінде 11 жастағы бала түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды.

Екінші апат "Сарыарқа" ауданында болды. Горем көшесінің бойындағы №15 үйдің жанында №1 бағытта қатынайтын "Скания" маркалы автобустың жүргізушісі "КамАЗ" жүк көлігімен соғысты. Апат салдарынан автобустың екі жолаушысы оқиға орнында мерт болып, тағы алты адам, соның ішінде 7-9 жас аралығындағы бес бала түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды.

Кісі өліміне апарып соққан апат Маңғыстау облысында да болды. Сенбі күні Ақтау-Жетібай автожолының 22-ші шақырымында екі "Мазда-626" автокөлігінің соғысуы салдарынан екі жүргізуші мен бір жолаушы оқиға орнында мерт болды. Тағы төрт жолаушы түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны