14.01.2010, 11:10 1685

Гаитиде болған жер сілкінісі құрбандарының саны 100 мың адамнан асуы мүмкін

Гаитиде болған жер сілкінісі құрбандарының саны 100 мың адамнан асуы мүмкін

Алматы. 14 қаңтар. Kazakhstan Today - Гаитиде болған қуаты 7 балл шамасындағы қуатты жер сілкінісі құрбандарының саны 100 мың адамнан асуы мүмкін. Бұл туралы Гаити премьер-министрі Жан-Макс Бельрив мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today "Маяк" радиосына сілтеме жасап.

Ел өкіметінің мәлімдеуінше, үйінді астында мыңдаған адамдар қалып отыр. Ел астанасы Порт-о-Пренс қаласында аласапыран белең алған. Билік байланыстың жоқтығынан зардап шеккендерге көмек көрсетуді ұйымдастыра алмай отыр. Көшелердегі үйінділер көлік қозғалысын шектеп, азық-түлік, дәрі-дәрмек пен ауыз су тапшылығы байқалуда.

БҰҰ мәліметінше, зілзала аймағында 3 млн 300 мың адам қалған. Халықаралық қоғамдастық зардап шеккен елге көмек көрсете бастады.

Associated Press ақпаратына сәйкес, БҰҰ миссиясының 17 қызметкері қаза тауып, тағы 56 адам жарақаттанған. Қаза тапқандардың арасында БҰҰ-ның осы елдегі миссиясының басшысы Хеди Аннаби бар. Сондай-ақ, Гаити астанасындағы БҰҰ Бас пәтерінің үйіндісінің астында тағы да 150 адам бар.

Бүгін БҰҰ Бас Ассамблеясы Гаитидегі зілзалаға байланысты шұғыл мәжіліс өткізіп, Пан Ги Мун елдегі ахуал туралы баяндама жасайды. Бұған дейін БҰҰ Бас хатшысы ұйымның Гаитиге 10 миллион доллар бөлетінін хабарлаған болатын.

Сондай-ақ АҚШ, Франция, Венесуэла, көрші Доминикан Республикасы, Мексика, Испания, ГФР, Қытай, Бразилия және Ұлыбритания елдері көмек көрсететіндері туралы мәлім етті. БҰҰ хатшысы басқа мемлекеттерді де олардың қатарына қосылуға шақырды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны