16.03.2007, 16:25 3107

Қарағанды облысында бал салынған ыдысқа граната, ал сағыздың қабына героин орап әкеле жатқан ресейлік қолға түсті

ҚАРАҒАНДЫ. 16-наурыз Kazakhstan Today. Қарағанды облысында араның балы салынған ыдысқа граната, ал сағыздың қабына героин орап әкеле жатқан ресейлік құрықталды. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Қарағанды облысының кедендік бақылау департаментінің контрабандамен күрес басқармасының анықтама бөлімінің аға маман - анықтаушысы Арсылан Шәкенов мәлімдеді.

Оның ақпараттарына сүйенсек, Ресей азаматы Омск - Қарағанды бағытындағы поезде ұсталған. Поезді тексеру барысында плацкартты вагондағы бір жолаушының тұсынан өткенде мазасыздық танытқан иісшіл ит кеден қызметкерлерінің назарын аударған. Жолаушының қол жүгін тексерген кедендіктер, сағыздың қабына оралған жалпы салмағы 1,26 грамм героин тапты. Одан әрі тексеру барысында Омскінің 36 жастағы тұрғынының өзімен бірге әкеле жатқан азық-түліктері арасынан араның балы салынған ыдыс табылды. "Шыны ыдыс ауыр сияқты көрініп, оны тексерген. Одан жарылғыш затқа ұқсас құрылғы табылған. Сараптама нәтижесі бойынша, құрылғының қолдан жасалған граната екіндігін расталды",- деп хабарлады А. Шәкенов. Оның айтуынша, әлгі адам гранатаны бөлшектелген күйде әкеле жатқан: өндірістік жарғыш пен ішінде жарылғыш зат - гексогені бар металл корпус болған.

Жауап алу барысында ұсталған адам өзінің есірткі туралы да, граната туралы да ештеңе білмейтіндігін мәлімдеді. Ол сағыз қапшығын Омскдегі дүңгіршектен сатып алған-мыс, ал балды оған әйелі туыстарына сәлем-сауқат ретінде беріп жіберген.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша тергеу абақтысына қамалып, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 250, 211 және 529-баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны