18.10.2006, 10:43 3166

Қарағанды облысында ұрланған кәсіпкерді босату барысында полиция қызметкері жараланды

ҚАРАҒАНДЫ. 18-қазан. Kazakhstan Today. Қарағанды облысында ұрланған кәсіпкерді босату барысында полиция қызметкері жараланды. Бұл туралы Қарағанды полициясының Михайлов бөлімінің бастығы Асхат Мұқашев баспасөз мәслихатында хабарлады.
А.Мұқашевтің айтуынша, өткен жексенбі күні кешке полицияның кезекші бөліміне Ермеков көшесіндегі автотұрақта кәсіпкерді ұрлап кетті деген хабар келіп түкен. Оны іздеу үшін арнаулы алты топ құрылды.
Тәртіп сақшыларының тобы бір жорамалды тексеру үшін кәсіпкердің танысының үйіне барған. "Илгі адам күтпеген жерден "Сайга" маркалы мылтықтан оқ атып, бір тәртіп сақшысын жаралады. Қылмыстық полиция қызметкері Алпамыс Балтабаев оң қолынан жараланды",- дейді А.Мұқашев.
Тексеру барысында тәртіп сақшылары кәсіпкерді бес адамнан құралған топтың ұрлағанын анықтады. "Кәсіпкердің ізіне түскен әлгілер ол автокөлігін тұраққа қойып жатқан кезде күшпен "Опель" автокөлігіне отырғызып, Теміртауға алып кеткен",- дейді бөлім бастығы.
Қылмыс 8 сағаттың ішінде әшкереленді. Кәсіпкер босатылып, барлық бес күдікті уақытша тергеу қапасына тоғытылды. Кәсіпкерді бопсалау мақсатында ұрлаған. "Қылмыскерлер оның туыстарынан 1 млн. теңге талап етпек болған",- дейді А.Мұқашев.
Ұсталғандарға ҚР Қылмыстық кодексінің "адам ұрлау" жөніндегі 125-бабы, 2-тармағы бойынша айып тағылды. Олардың екеуі бұрын сотталып, жуырда бостандыққа шыққан көрінеді. Бәрі де 30 бен 35 жас аралығындағы жігіттер. Қазір тергеу амалдары жалғасуда.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны