05.02.2007, 17:39 3074

Қарағандыда есепті жақсарту үшін-міс деген желеумен қылмыстарды фальсификациялап келген кеденшінің үстінен үкім шығарылды

ҚАРАҒАНДЫ. 5-ақпан. Kazakhstan Today. Қарағандыда есепті жақсарту үшін-міс деген желеумен қылмыстарды фальсификациялап келген кеденшінің үстінен үш жарым жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Қарағанды облыстық прокуратурасынан хабарлағанындай, кейіннен "Ұлытау" кеден бекетінде істегені белгілі болған 28 жастағы бұрынғы тәртіп сақшысы Руслан Баянов Сәтпаев қаласының бұрын сотталған азаматтары мен жұмыссыздарын қорқытып-үркіту арқылы Қырғызстаннан Қазақстанға есірткі тасымалдауға мәжбүрлеген. Осыдан кейін әлгі "есірткі тасушыларды" Р.Баяновтың өзі құрықтап отырған. Соның арқасында қылмыстардың ашылу көрсеткішін жақсартқан.

Кеденшінің осындай "іс-әрекеттері" Ағадыр темір жол бекетінде бірден бірнеше есірткі тасушы ұсталғаннан кейін әшкереленді. "Прокуратурадағылар осыншама "ың-шыңсыз" өткізілген шұғыл іздестіру шараларына күдік келтірген",- деп хабарлайды қадағалаушы мекемедегілер. Ұсталған кезекті есірткі тасушы өзін Р.Баяновтың есірткі тасуға мәжбүрлегенін жеткізген.

Шет аудандық №2 соты Баяновты ҚР Қылмыстық кодексінің 308 (билігін немесе лауазымдық құзыретін асыра пайдалану), 259 (есірткіні заңсыз тасымалдау, жіберу немесе сату), 348 (қылмыстық іс бойынша дәлелдерді қолдан жасау) жөніндегі баптары бойынша айыпты деп тауып, үш жарым жылға бас бостандығынан айыруға, жазаны жалпы тәртіпті абақтыда өтеуге үкім шығарып, артынан мемлекеттік және құқық қорғау мекемелерінде жұмыс істеу құқығынан айырды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны