27.12.2006, 13:54 2834

Мемлекеттік қаржыны жымқырған деген айыппен "Қазақстанның патриоттық жастар одағы" бірлестігінің бұрынғы есепшісі ұсталды

АСТАНА. 26-желтоқсан. Kazakhstan Today. Астананың қаржы полициясы өткен жылдың қыркүйек айынан бері іздеуде жүрген "Қазақстанның патриоттық жастар Одағы" республикалық қоғамдық жастар бірлестігінің бұрынғы есепшісі Азамат Жетпібаевты құрықтады, деп мәлімдеді кеше Астанада өткен брифингте экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің тергеу басқармасының бастығы Пернебай Рысбаев.

"Айыпталушыны біздің қызметкерлер он бесінші желтоқсан күні Алматыда ұстап, уақытша тергеу абақтысына қамады", - деп хабарлады қаржы полициясының өкілі.

П. Рысбаеваның сөзіне сүйенсек, тұтқын мемлекеттік бюджеттен 2005 жылдың мамырындағы сайлау алдындағы мәслихат депутаттығынан үміткерлерді насихаттауға бөлінген мемлекет қаржысын жымқырды деп айыпталуда.

П. Рысбаев 2005 жылдың желтоқсан айында осы іс бойынша басты айыпкер, "Қазақстанның патриоттық жастар одағы" республикалық қоғамдық жастар бірлестігінің орталық комитетінің бірінші хатшысы Махамбет Абжанның үш жыл бас бостандығынан айрылғандығын еске сала кетті.

"Абжан өзінің 25 туысы мен таныстарын Астананың аудандық мәслихатын сайлауға қатысу үшін өтініш беруге азғырып көндірген. Тіркеуден кейін әрбір кандидатқа республикалық бюджеттен сайлау алдындағы насихаттау жұмыстарын жүргізу үшін 69 мың теңгеден бөлінген. Олар осы қаржының бір бөлігін М. Абжан бірінші хатшы болып істейтін "Қазақстанның патриоттық жастар одағы" республикалық қоғамдық жастар бірлестігінің есепшотына аудару туралы өтініш жазған. Олар бұл ақшаны алып, өз қажеттіліктеріне жаратқан",- деді П. Рысбаев.

Оның сөзіне сүйенсек, мемлекеттік бюджеттен "Қазақстанның патриоттық жастар одағы" республикалық қоғамдық жастар бірлестігінің есепшотына 1 млн. 337 мың теңге түскен, оның 900 мың теңгесі бұрынғы бас есепшісі А. Жетпібаевке берілген.

"Тұтқын жуық арада Астанаға жеткізіледі. Қылмыстық істі қайта көтереміз", - деді ол.

"Бұл істе ешқандай саяси астар жоқ. Бұл кәдімгі алаяқтық, мұндай қылмыстар Астанада жиі болып тұрады", - дейді қаржы полицейі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны