24.07.2006, 16:47 3376

ОҚО мал ұрлығы үштен бірге көбейді

ШЫМКЕНТ. 24 шілде. Kazakhstan Today. Оңтүстік Қазақстан облысында мал ұрлығы үштен бірге ұлғайды. Бұл жөнінде агенттік тілшісіне ОҚО ІІД баспасөз-қызметі хабарлаған.

Баспасөз-қызметінің мәліметі бойынша, үстіміздегі жылы 251 мал ұрлығы тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 68-ге көп. Полиция қызметкерлері осы қылмыс түрімен айналысқан 77 топты ұстады. Қылмыстың ашылуы 64% құраған.

ІІД криминалды полиция басқармасы бастығының орынбасары Сәбит Қуатовтың айтуынша, соңғы рет мал ұрлығын кәсіп еткен екі Өзбекстан азаматы Сарыағаш ауданында қолға түскен. Полиция қызметкерлерінің мәліметіне қарағанда, олар 13 мәрте ұрлыққа барып, 18 малды қолды еткен. Қылмыскерлер ірі қараның етін Өзбекстан аймағында өткізіпті.

Мал жайлауда қараусыз жүргенде ұрланады. Осыдан біраз уақыт бұрын осы ауданда қылмыстарын жүзеге асырған бес адамнан кұралған топ құрықталған болатын. С. Қуатов айтуынша, "олар жеті ұрлық жасап 26 ірі қараның көзін құртқанын айтады. Мал етін Өзбекстан аймағына өткізген. Қолға түскендердің бірі осыған дейін мал ұрлығы үшін сотталған".

"Қылмыстың ашылу көрсеткішінің төмен болуына жапа шеккендердің құқықорғау органдарына дер кезінде шағымданбауы себеп. Тұрғындар көбіне балгер мен көріпкелдердің көмегіне жүгінеді. Білгірлер "малың көп ұзамай қайтып келеді", - деп сендіреді", - дейді С. Қуатов. Ал, уақыт өткен сайын қылмыскерлерді қолға түсіру қиындайды.

Полиция қызметкерлері, малды қадағалаусыз жайылымға жіберу қылмыскерлердің ұрлық жасауына қолайлы жағдай туғызатынын мал иелері ескергені абзал, - дейді.

Ал, жергілікті тұрғындар керісінше, қылмыстың көбейуі құқықорғаушылардың салғырттығынан, - деп есептейді. Олар, керек кезде учаскелік полицейлерді қызмет орнынан таба алмаймыз, - деп шағымдануда.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны