03.05.2007, 15:24 2899

Павлодар облысында бір тәулікте 17 үй мен 125 шаруашылық жайын өрт жалмады

ПАВЛОДАР. 3-мамыр. Kazakhstan Today. Павлодар облысында өткен бір тәулікте 17 үй мен 125 шаруашылық жайын өрт жалмады. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне облыстық төтенше жағдайлар департаментінен хабарлады.

Кейінгі 24 сағатта Павлодар облысының он ауданында өрт тіркелген. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының пікірінше, тілсіз жаудың таралуына жылдамдығы секундына 30 метрге жеткен қатты жел себеп болған.

Өрттен әсіресе Павлодар облысының Шарбақты ауданындағы "Ертіс орманы" резерватының аумағы ауқымды шығынға ұшырады. Соңғы мәліметке сәйкес, ондағы өрт Садықащы орман шаруашылығындағы бұрынғы өртенген орманда шыққан. Өрт 900 гектар аумақты шарпыды. Өрт сөндірушілердің айтуынша, 100 гектар орманды аумақты қамтып, ағаштардың басын жайпаған өрт айрықша қауіпті болды.

"Резерваттағы өртті сөндіруге жеке құрамның 120 адамы, 24 өрт сөндіруші машина мен 10 трактор жұмылдырылды,- деді Kazakhstan Today тілшісіне Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті төрағасының орынбасары Игорь Филонов. - Алайда, өрт сөндірушілердің шұғыл қимылы мен Алтай аймағынан ресейлік әріптестердің 6 техникамен көмекке келгеніне қарамастан, тілсіз жаудан адам шығынына жол бермеу мүмкін болмады".

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, өрт салдарынан "Ертіс орманы" резерватының шалдай филиалының орталық өрт сөндіру станциясының екі қызметкері қаза тапты. Сонымен бірге көмекші өрт сөндіргіш машина жанып кетті. "Бұрынғы өртенген жерде қайта от тұтануы мен адамдардың қаза табу себептерін тергеу айқындайды",- деді И.Филонов.

Төтенше жағдайлар саласы мамандарының хабарлауынша, қазіргі жағдаймен Шарбақты ауданындағы өрт іс жүзінде шоғырланды. Қатер жоқ.

Адамдардың құрбан болғанына қарамастан, төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы аудандық өртке қарсы күрес қызметінің іс-қимылдарын "өте жақсы" деп бағалауда. "Мұндай жылдамдықтағы желден кейін кез-келген ұшқын бұдан да сорақы жағдайға алып келуі мүмкін еді",- деп санайды И.Филонов.

Шарбақты ауданымен бірге табиғи зілзаладан Май ауданы да ауқымды шығынға ұшырады. Бұл жерде 5 үй мен 31 шаруашылық жайын өрт жалмады. Екібастұз ауданында 8 үй мен 26 шаруашылық жайы отқа оранды.

Соңғы мәліметке сәйкес, облыс аудандарында шыққан барлық өрттер шоғырландырылды, оқиға орнында тергеушілер жұмыс істеуде.

Өрттің шығу себептерін анықтау және облыс аудандарында өртеніп кеткен мүлікке төленетін өтемақы мөлшерін айқындау үшін арнаулы комиссиялар құрылмақшы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны