21.02.2008, 19:29 2748

Павлодар облысында боран ескертуі жарияланды: ауа-райының нашарлауынан Астанаға қатынайтын жол жабылды

Павлодар облысында боран ескертуі жарияланды: ауа-райының нашарлауынан Астанаға қатынайтын жол жабылды

Павлодар. 21-ақпан. "Қазақстан Бүгін" - Павлодар облысында боран ескертуі жарияланды. Бұл туралы "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісіне төтенше жағдайлар департаментінде хабарлады. Синоптиктер берген мәліметтерге қарағанда облыс аумағында қарлы боран соғып, жел секундына 15-20, ал кей жерлерде 28 метрге дейін соғады, көру қашықтығы азаяды.

"Болуы мүмкін штаттан тыс жағдайлардың алдын алу үшін барлық апаттық-шұғыл қызметтер дайындыққа келтірілді", - деп атап көрсетті төтенше жағдайлар департаменті.

Департамент бастығының орынбасары берген мәліметтерге сүйенсек, ауа-райының жағдайына байланысты бүгін түсте Екібастұз - Астана бағытында көлік қозғалысына уақытша тыйым салынды.

Агенттік тілшісі хабарлағандай, өткен түнде облыс аумағында қалың қар жауған. Синоптиктердің мәліметтеріне сүйенсек, жауын-шашынның айлық мөлшерінің ширек бөлігі жауған.

Осыған байланысты Павлодарда таңертеңнен бері қала көшелерін қардан тазарту үшін 15 техника мен 160 адам жұмыс істеуде. Екібастұзда 9 техника мен 18 адам жұмылдырылса, Ақсу қаласында 6 техника мен 25 адам қарды тазалау үстінде. Қауіпті жерлерде тұз бен топырақ қоспасын себу жұмыстары жүргізілуде.

Халықаралық Павлодар - Омск, Павлодар - Новосибирск, Павлодар - Барнаул, Павлодар - Семей, Павлодар - Курчатов бағыттарындағы жағдай бір қалыпты. Облыс аумағында ұзындығы 1 510 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар жолдарды қардан тазарту үшін 77 техника, облыстық маңызы бар жолдар үшін (3 909 шақырым) 95 техника жұмылдырылған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны