27.09.2006, 16:15 2696

Павлодарда мас адамның кінәсіне байланысты екі адам, соның ішінде тәртіп сақшысы қаза тауып, тағы үш адам түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды

ПАВЛОДАР. 27-қыркүйек. Kazakhstan Today. Павлодарда мас адамның кінәсіне байланысты екі адам, соның ішінде тәртіп сақшысы қаза тауып, тағы үш адам түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне Павлодар облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.

Апат дүйсенбіден сейсенбіге қараған түні Павлодар-Шарбақты тас жолының 2-шақырымында, теміржолшылар кентінің маңында болған. "Мерседес" автокөлігінің жүргізушісі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, үлкен жылдамдықпен келіп "ВАЗ-21115" автокөлігіне соғысқан.

Апат салдарынан Павлодар аудандық ішкі істер бөлімінің қылмыстық полициясы бөлімінің аға оперативтік қызметкері 40 жастағы Бауыржан Кенин қаза тапты. "Полиция майоры ауданның бір ауылында болған ұрлық оқиғасын тексеруден кейін қалаға келе жатқан", деп хабарлайды ІІД.

Сондай-ақ, апат салдарынан "ВАЗ-21115" автокөлігінде отырған 44 жастағы тағы бір азамат опат болды.

"Павлодардың аудандық ІІБ-інде учаске инспекторы болып істейтін автокөліктің жүргізушісі мен көлікте отырған балалы әйел ауыр жарақаттармен ауруханаға жатқызылды",- деп хабарлайды полиция.

Оқыс оқиғаға себепкер болған "Мерседес" автокөлігінің жүргізушісі қылмыс орнынан қашып кетті. "Апат орнынан ізін жасырған 31 жастағы "Мерседес" жүргізушісі бір ауруханаға көмек сұрап барған жерінен ұсталды",- деп хабарлайды ІІД.

Полицияның мәліметіне сәйкес, ол мас болған. Бүгін тұтқынның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің "жол қозғалысының тәртіптерін бұзу салдарынан адамды өлімге душар ету жөніндегі" 296-бабы, 2-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. "Қазір жол апаты болған жерден қашып кету және зардап шеккендерге көмек көрсетпеу деректері үшін екінші қылмыстық іс қозғау мәселесі қарастырылуда",- дейді ІІД.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны