30.12.2013, 16:06 21100

Ресейдің Волгоград қаласында екі күнде екі жарылыс болып, 32 адам қаза тапты

Ресейдің Волгоград қаласында екі күнде екі жарылыс болып, 32 адам қаза тапты, деп хабарлайды Kazakhstan today.

Алматы. 30 желтоқсан. Kazakhstan today. Ресейдің Волгоград қаласында екі күнде екі жарылыс болып, 32 адам қаза тапты, деп хабарлайды Kazakhstan today.

Бірінші жарылыс Волгоград қаласының теміржол вокзалының кіре берісінде жексенбі күні Мәскеу уақытымен түсті сағат 12.45-те болды. Жарылыстан оқиға орнында 16 адам қаза тауып, 40-тан астамы жараланған. Қаза тапқандардың 15-і Волгоград қаласының, 3-і Удмуртия тұрғындары, деп хабарлайды ресейлік БАҚ-тар. Қаза тапқандардың екеуі - бала. "Оқыс оқиғаға тап болған өзге науқастардың дені бас сүйек-ми жарақаттарын алған", - дейді дәрігерлер. Олардың арасында түрлі дәрежедегі күйік шалып, сүйегі сынған және жарқыншақ тиіп жараланғандар да көп. Ауыр жағдайдағы науқастар ТЖМ ұшағымен Мәскеуге жеткізілді.

Волгоград қаласының теміржол вокзалында салмағы тротил эквиваленті бойынша 10 келіге тартатын жарылғыш затты жанкешті іске қосқан деген болжам бар. Қазір осы қайғылы оқиғаға байланысты облыста лаңкестік жағдайдың ең жоғарғы "сары" деңгейі жарияланып, жаңа жылдың 1-ші және 3-ші қаңтар аралығында үш күндік аза тұту жарияланды.

Волгоградта лаңкестік әрекет бүгін таңертең тағы да қайталанды. Троллейбуста болған жарылыстан, алдын ала болжам бойынша 15 адам қаза тапқан. Құрбандардың арасында 1 жасар бала да бар. Ал жарақат алғандар саны 20-дан асып жығылған. Жарылыс Дзержинский ауданындағы базар маңында болды.

"Рейтер" агегенттігінің хабарлауынша, қоғамдық көлік аялдамаға 50 метрдей жерде таяп қалғанда жарылған. "Егер ол тура аялдамада тұрған кезде жарылса, қайғылы оқиғаға тап болғандар саны анағұрлым көп болар еді", - дейді куәгерлер. Тергеу комитетінің мәліметіне сәйкес, троллейбустағы жарылғыш затты тағы да жанкешті іске қосқан.

"Қылмыстық іс РФ ҚК екі бабы бойынша - 205 (лаңкестік) және 222 (қару-жарақ немесе жарғыш құралды заңсыз айналымда пайдалану) қозғалды" - деп мәлімдеді РФ ТК-нің ресми өкілі Владимир Маркин.

Оның айтуы бойынша, кем дегенде 15 адам қаза тапты, жараланғандар да көп. Троллейбус түгелдей жарылып, оның қаңқасы ғана қалған.

В.Маркиннің мәлімдеуінше, оқиға болған жерге тергеушілер мен жарылыс құралдарының арнайы мамандары келді. "Алдын ала тергеу жұмыстары басталып та кетті", - деді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны