03.07.2007, 16:33 2776

Семейде адамдарды ұрлап, пәтерлерге қатысты алаяқтықпен шұғылданып келген қылмыстық топ құрықталды

СЕМЕЙ. 3-шілде. Kazakhstan Today. Семейде адамдарды ұрлап, пәтерлерге қатысты алаяқтықпен шұғылданып келген қылмыстық топ құрықталды. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне ШҚО ІІД баспасөз қызметінің маманы Дәулет Садықов құлағдар етті.

Оның айтуынша, мамырдың аяғында 38 жастағы Семей тұрғыны кезекші бөлімге келіп, бір топ адам өзі мен оның үш туысын қорқытып-үркіту арқылы қаладағы бір үйге күшпен апарып қамап, сол жерде бір жарым ай бойы ұстағанын жеткізген. Тергеу барысында мәлім болғанындай, зардап шеккендердің отбасы ішімдік ішу барысында бейтаныс біреулерге сатқалы отырған пәтерлері бар екенін айтып қойған. "Қызығушылығы туған жігіттер пәтер құжаттары туралы сұрастырып біліп, осыдан кейін адамдарды түгелімен топ мүшелерінің біреуінің үйіне жеткізген", - деді Д. Садықов.

Тәртіп сақшыларының ақпаратына сәйкес, ұрланған төрт адамды осы жерде бір ай бойы ұстап, осыдан кейін жәбірленушінің екі туысын қылмыскерлер белгісіз бағытта алып кеткен. Бірнеше күннен кейін олардың мәйіттері Семей-Өскемен тас жолынан 150 метр жерден табылған. Сараптама қорытындысы көрсеткендей, адамдар үсіну және арақтан улану салдарынан қайтыс болған.

"Ал тірі қалған адамдарды нотариусқа апарып, сол жерде құжаттарға қол қоюға мәжбүрлеген", - деді Д. Садықов. Оның айтуынша, құжаттар рәсімделгеннен кейін жәбірленушілерді басқа біреудің пәтеріне жеткізген, әлгілер сол жерден қашып шығуға мүмкіндік табады.

Шығыс Қазақстан облыстық ҰҚКД мен ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері шұғыл -іздестіру шараларының барысында 2006-жылдың қаңтар айы мен 2007 -жылдың мамыр айы аралығында Семейде қылмыстық топтың әрекет еткенін анықтады. Олар ішімдікке салынған және психоневрологиялық диспансерде тіркеуде тұрған адамдардың пәтерлерін иемденумен шұғылданған. Ұйымдасқан қылмыстық топты 32 жастағы семейлік әйел 5 адамнан құрып басқарған.

Қазір осы дерек бойынша шұғыл тергеу шаралары жүргізілуде. "Бұл қылмыстық топтың жалғыз әрекеті емес", - деді Д. Садықов. Қылмыстық топ жалған құжаттармен иемденіп, сатып жіберген тағы да үш пәтер анықталды.

Ұсталғандардың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 235-ші (қылмыстық топ немесе қылмыстық қоғам құру және басқару, қылмыстық қоғамға қатысу), 177-ші (алаяқтық), 126-шы бабы, 2-тармағы (пайдакүнемдік мақсатпен адамды заңсыз бас бостандығынан айыру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. "Тергеудің қазіргі сатысында осы қылмыстық топтың іс -әрекетінен келген алдын-ала шығын көлемі 6 млн 280 мың теңгені құрап отыр", - деді полицей.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны