27.05.2008, 16:44 5855

Семейде әскери қызметкерді соққыға жығып өлтірген медициналық айықтырғыш қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Семейде әскери қызметкерді соққыға жығып өлтірген медициналық айықтырғыш қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Семей. 27 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Семейде әскери қызметкерді соққыға жығып өлтірген медициналық айықтырғыш қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Семей қаласының әскери прокурорының бірінші орынбасары Махмұт Ахметов хабарлады.

Оның ақпаратына жүгінсек, 11 мамыр күні таңғы сағат 5.30-да әскери полициядан әскери прокуратураның кезекші бөліміне облыстық клиникалық ауруханаға жеткізу барысында шартпен қызмет еткен қатардағы жауынгер қайтыс болды деген ақпарат келіп түскен.

Тергеу шаралары барысында сол күні келісім-шартпен қызмет ететін екі әскери жауынгердің (арасында жәбірленуші де бар) әскери бөлімде спирттік ішімдіктер ішкендігі анықталған. Олар көшеге шығысымен полиция ұстап алып, медициналық айықтырғышқа қамаған.

Сол арада өзіне бағыныштыларды шығармақшы болып айықтырғышқа келген батальон командирі оқиға жайлы жоғарғы басшыларға хабарламаған. Ал ол оны істеуге міндетті болатын.

"Батальон командирі штаб бастығымен бірге келіп, медициналық айықтырғыштан ауыр жағдайда қырылдап, ес-түссіз жатқан әскери қызметкерді алып , үйіне жеткізген", - дейді М. Ахметов.

"Бізде бұған айықтырғыш қызметкерлерінің қатысы бар ма деген күдік туындады. Біз ішкі істер басқармасының бастығына хабарлама жібердік. Тергеу нәтижесінде кінәлі адам - айықтырғыш қызметкері анықталды. Искери қызметкердің алған соққылардан жан тапсырғаны дәлелденді", - деді М. Ахметов.

Оның ақпаратына сүйенсек, сот-медициналық сараптама қаза тапқан сарбаздың үш қабырғасы сынып, қарынынан тұйық жарақат алып, ұйқы безінің жарылуы салдарынан ішіне қан құйылғанын көрсетті.

Айықтырғыштың кінәлі қызметкері қазіргі уақытта уақытша тергеу изоляторында жатыр. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Сонымен қатар, осы оқиғаның туындауына кінәлі бөлімнің лауазымды тұлғалары анықталды. Бұл спирттік ішімдіктерді ішуге жол берген майор. Округ командирі жағдаймен танысты. Оны қызметінен босату мәселесі шешілуде. Штаб бастығы лауазымы төмендетіліп, Аягөзге жіберілді. Келісім шартпен қызмет еткен екінші жауынгер қызметінен босатылды", - деп хабарлады М. Ахметов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны