03.04.2007, 14:16 2903

Семейде халық медицинасы орталығының күзетшісін өлтірген күдіктілер ұсталды

СЕМЕЙ. 3-сәуір. Kazakhstan Today. Семейде халық медицинасы орталығының күзетшісін өлтірген күдіктілер ұсталды. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Семей қалалық ІІБ-ның орталық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Мұздыбаев хабарлады.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, кісі өлтіру оқиғасы 7-наурызға қараған түні жасалған. 52 жастағы күзетшіні өлтіріп кеткендігі туралы емдеу мекемесінің медбикесі хабарлаған. Таңертең жұмысқа келген ол күзетшінің денесін киім шешетін бөлмеден тауып алған. Дәрігерлердің айтуынша, күзетші өкпесіне келген зақым салдарынан ішіне қан кетіп қайтыс болған.

Оқиға орнына келген полицейлер қылмыс орнын тексеру барысында директордың жұмыс бөлмесінің есігі ашылғандығын, ал сейфтен 559 мың теңгенің жоғалғандығын анықтады. Сонымен бірге орталық аумағындағы оптикалық орталықтан күннен қорғайтын екі жұп көзілдірік ұрланған.

М.Мұздыбаевтың айтуынша, қылмыскерлер оқиға орнында ешбір айғақзат қалдырмаған, сол себепті қылмыстың бетін ашуға үш аптадан астам уақыт кетті. Күдіктілерді іздестіруге Семей қалалық ІІБ мен Шығыс Қазақстан облыстық ІІД-нің барлық бөлімшелері жұмылдырылған. "Шұғыл ақпараттың ізімен біз бір қылмыскер жайлы мәлімет алып, сол арқылы екіншісінің ізіне түстік. Тергеу мүддесіне сәйкес біз оқиғаның егжей-тегжейін жариялай алмаймыз. Біз күдікті ретінде 1986 және 1978-жылы туған екі адамды ұстадық",- деді М.Мұздыбаев.

Оның айтуынша, екі күдікті орталық ғимаратына күзетшіне өтірік айту арқылы кірген. Олар мекеменің бір қызметкеріне сый-сияпат жеткізе келдік депті. Күзетші есікті ашып жіберген кезде әлгілер оның сол жақ кеудесі мен тамағынан жарақаттап, артынан оның басына полиэтилен дорба кигізіп, скотчпен орап тастаған.

Күдіктілер - Семей тұрғындары. Қазір олардың басқа қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр, деді М.Мұздыбаев. Олар уақытша тергеу абақтысына тоғытылған. Күдіктілердің үстінен ҚР Қылмыстық істер кодексінің "кісі өлтіру" жөніндегі 96-шы және "қарақшылық шабуыл" жөніндегі 179-шы баптарына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны