Шымкентте Қайрат Нұртастың концертінде адамдар қысылып, тапталуына байланысты қылмыстық іс қозғалды
Сурет: ЖИ
Шымкентте Қайрат Нұртастың концертіне барған адамдардың қысылып қалу жағдаларынан кейін қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды қалалық полиция департаменті.
Оқиға 10 қазанда Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен концертке кіретін кезде болған.
"Адамдардың көп жиналуынан келушілердің бірі зардап шекті. Қыз медициналық мекемеде дәрігерлердің бақылауында жатыр", - деп хабарлайды Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, сегіз адам медициналық көмекке жүгінген. Тексеруден кейін олардың жетеуі үйлеріне жіберілді. Тағы бір зардап шегуші - 18 жастағы қыз ауруханаға жатқызылды.
"Таңертеңгі жағдай бойынша науқастың жағдайы біршама жақсарғанымен, тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. Оған қажетті медициналық көмек көрсетілуде, ол мамандардың бақылауында", - деп толықтырды денсаулық сақтау басқармасы.
Полицияның хабарлауынша, концерт ұйымдастырушылары полиция бөліміне жеткізілген. Тергеушілер болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.
"Ұйымдастырушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Тергеу нәтижелері бойынша тиісті процестік шешім қабылданады", - деп атап өтті ведомство.
Осы уақытта Freedom Афиша компаниясы оқиғаны тергеу барысында құқық қорғау органдарына жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
"Біз болған оқиғаның барлық мән-жайының барынша объективті әрі ашық анықталуына мүдделіміз. Өз тарапымыздан құқық қорғау органдарына толық қолдау көрсетуге және қолымыздағы барлық ақпаратты, соның ішінде іс-шараға дайындық материалдары мен алаңдағы командамыздың жұмысына қатысты мәліметтерді ұсынуға дайынбыз", - делінген компания мәлімдемесінде.
Freedom Афиша компаниясы концерттің ұйымдастырушысы Show Service компаниясы болғанын нақтылады.
"Freedom Афиша ұйымдастырушы белгілеген квоталар шеңберінде билеттердің сатылуын, ал іс-шара өтетін жерде билеттерді тексеру және білезіктер тарату бойынша еріктілердің жұмысын қамтамасыз етті. Алаңды дайындау, көрермендердің кіруін ұйымдастыру және күзет қызметін тарту Freedom Афиша компаниясының жауапкершілігіне кірген жоқ", - деп атап өтті компания өкілдері.
Компания құқық қорғау органдарына жан-жақты көмек көрсетуге және қолда бар барлық ақпаратты, оның ішінде іс-шараға дайындық материалдары мен алаңдағы команда жұмысына қатысты мәліметтерді ұсынуға дайын екенін білдірді.
"Біз үшін болған оқиғаның себептерін анықтауға көмектесу аса маңызды. Бұл болашақта осындай жағдайлардың алдын алу үшін қажетті қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Біз оқиғаны бірлесіп талдауға және бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру стандарттарын жетілдіруге қатысуға дайынбыз", - делінген мәлімдемеде.
Зардап шеккендер мен оқиға куәгерлерінен +7 771 936 53 53 телефоны немесе help@ticketon.kz электрондық поштасы арқылы хабарласу сұралады.
Осы уақытта Дезинформацияға қарсы күрес орталығы әлеуметтік желілерде тараған Қайрат Нұртастың концертінде көптеген адамның зардап шеккені және бірнеше адамның қаза тапқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
"Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді", - деп атап өтті орталық өкілдері.
Олар тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
