СІМ Анталияда отандасымыздың қаза тапқаны туралы ақпаратты растады
Сурет: Depositphotos
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Түркияның Анталия қаласында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан Қазақстан азаматының қаза тапқанын растады.
Ведомствоның мәліметінше, адам өліміне әкеп соқтырған жол апаты 15 маусымда болған. Қаза тапқан азаматтың денесі екі күннен кейін, 17 маусымда Қазақстанға жеткізілді.
«Қазақстан Республикасының Анталиядағы Бас консулдығы құжаттарды рәсімдеу, құзырлы органдарымен өзара іс-қимыл жасау және марқұмның денесін елге қайтаруды ұйымдастыруды қоса алғанда, барлық қажетті консулдық-құқықтық көмекті көрсетті. Мәйітті репатриациялау жұмыс беруші мен серіктес ұйымдардың қолдауымен тегін ұйымдастырылды», – деп хабарлады министрліктен.
СІМ мәліметінше, оқиғаның мән-жайы Қазақстанның Анталиядағы Бас консулдығының бақылауында. Қазақстандық дипломаттар бұл мәселе бойынша Түркияның құзырлы органдарымен өзара байланыстарын жалғастыруды.
«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 2026 жылдың 15 маусымында Анталияда болған жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқан Қазақстан азаматы Әдия Алмабектің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады», – делінген хабарламада.
Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, жерлесіміз Түркияда өндірістік тәжірибеден өтіп, жергілікті қонақүйлердің бірінде жұмыс істеген.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

