24.08.2006, 12:44 3103

Солтүстік Қазақстан облыстық көші-қон басқармасы 23 млн. теңгені елімізге келмеген оралмандарға жалған құжаттармен аударып жіберген - қаржы полициясы

ПЕТРОПАВЛОВСК. 24-тамыз. Kazakhstan Today. Көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облыстық басқармасы 23 млн. теңгені елімізге келмеген оралмандарға жалған құжаттармен заңсыз аударып жіберген. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне Солтүстік Қазақстан облыстық экономикалық және жемқорлық қылмыстармен күрес департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облыстық басқармасының басшылығы өзінің лауазымдық құзыретін бас пайдасына жаратып, жеке мүддесін қызмет мүддесінен жоғары қойып, аймақтағы демографиялық деңгейді көтеруге арнап бөлінген бюджет қаржысын жымқырудың қитұрқы тәсілін ойлап тапқан",- делінген қаржы полициясының баспасөз баянында.

Мәселен, қаржы полициясының мәліметіне сәйкес, 2005-жылдың қаңтары мен қыркүйек айлары аралығында "басқарма басшылығы Өзбекстан аумағында тұратын қазақтардың атынан жалған өтініштерге виза қойған. Тергеу барысында жалған құжаттарды кім дайындағаны анықталмай қалды". Іс жүзінде аталған Өзбекстан азаматтары тұрғылықты жерінен ешқайда қоныс аудармастан, мекен-жай тіркеуінен шығып, ол туралы төлқұжатына белгі соқтырып, артынан құжаттарын оралман мәртебесін алу және көшіп келушілер квотасына енгізу үшін Петропавловскіге жіберген. Осыдан кейін басқарманың басшылығы бөлінген жерінде баспана алуға арналған қаржы мен бір мәрте төленетін жәрдемақыны аудару туралы өтініштерге виза қойған. Қаржы оралмандардың есепшотына аударылғаннан кейін оны үшінші біреулер сенімхат бойынша алып отырған.

Қазір осы дерек бойынша Көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облыстық басқармасы басшылығының үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің қызмет бабын асыра пайдалану жөніндегі 307-бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс сотқа жолданды.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны