11.03.2013, 16:51 4351

"Табиғат" экологиялық қозғалысының мүшесі Нұрлан Өтеулиевтің өлі денесі табылды

"Қарасай ауданы Қырғауылды ауылының жанында Алматы тұрғыны 1974 жылғы Нұрлан Өтеулиевтің денесі табылғаны рас. Оның денесіне оқ тиген. Оқтың қайда тигенін және азаматтың неден қайтыс болғанын білмеймін. Қазіргі кезде сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаға қатысты қылмыстық кодекстің 96-шы бабы ("Адам өлтіру") бойынша іс қозғалды, - деп мәлім етті Алматы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Көбейхан Нұрахмет.

Алматы. 11-наурыз. Kazakhstan Today - Наурыздың 10-ына қараған түні Алматы маңындағы Тастыбұлақ ауылының жанында, саябақтағы шоқ ағашты отауға белсенді түрде қарсы шығып келген "Табиғат" экологиялық қозғалысының мүшесі Нұрлан Өтеулиевтің оққа ұшқан денесі табылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Қарасай ауданы Қырғауылды ауылының жанында наурыздың 9-ынан 10-ына қараған түні Алматы тұрғыны 1974 жылғы Нұрлан Өтеулиевтің денесі табылғаны рас. Оның денесіне оқ тиген. Оқтың қайда тигенін және азаматтың неден қайтыс болғанын білмеймін. Қазіргі кезде сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаға қатысты қылмыстық кодекстің 96-шы бабы ("Адам өлтіру") бойынша іс қозғалды, - деп мәлім етті Алматы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Көбейхан Нұрахмет.

Туыстары мен достарының тарапынан жасалған болжам бойынша, оны табиғатты қорғау ісіндегі белсенділігі үшін өлтіріп кеткен.

"2009 жылдан бері осы жерді, ағаштарды сақтау үшін күресіп келеміз. Тастыбұлақтағы белсенді төрт адамбыз. Жылда ағаш егеміз, тазартамыз, мына жер өз үйіміз секілді. Нұрлан табиғаттың белсенді жанашыры еді. Оның орнында төртеуіміздің біріміз болуымыз да мүмкін еді. Бұл бізді қорқыту үшін жасалынған әрекет", - деді марқұмның досы, әрі белсенді Сайлау Лепесов.

Сондай-ақ, Сайлау Лепесов "көрші-қолаңның ешқандай атылған оқтың дауысын естімегенін" атап өтті.

Естеріңізге сала кетсек, Алматы түбіндегі Тастыбұлақ ауылының тұрғындары "ауыл маңындағы шоқ ағашты жаппай шауып жатқан шенділер" туралы жыл сайын айтып, ара-тұра наразылық шарасын ұйымдастырып келеді.

Сайлау Лепесов, "Табиғат" қозғалысының белсендісі. Тастыбұлақ, Алматы облысы, 11 наурыз 2013 жыл

Қоғам белсенділерінің айтуынша, Қарасай ауданына қарасты бұл аумақта сирек кездесетін өсімі баяу ағаштар мен сақ дәуірінен қалған қорғандар бар. Тұрғындар "бұған қарамастан олар қиратылып, жыл сайын жаңа зәулім коттедждер салынып жатыр".

Тастыбұлақтықтар бұл мәселені экологтар мен археологтардың бірнеше рет көтергенін, бірақ "жер телімдері иелерінің құжаттары дұрыс болғандықтан" жергілікті әкімдік ешнәрсе істей алмай отырғанын айтады.

Тастыбұлақ тұрғындары бірқатар құзырлы мекемеге шағым-арыз жазған. Дегенмен ағаш кесу тоқтамаған. Тұрғындардың айтуынша, соңғы рет наурыздың 2-сі күні ағаш кесішулер мен тұғындар қақтығысып, жер телімінің қожайыны қоқан-лоқы көрсеткен.

"Ол жерде мен, Нұрлан және тағы басқа бірнеше Тастыбұлақ тұрғыны болдық. Бірақ қақтығысқа келіп, халықты қорғайды деген полиция, "олардың құжаттары дұрыс, тиіспеңдер" деп бізге қарсы шықты", - деді Сайлау Лепесов.

Тастыбұлақ тұрғындары Нұран Өтеулиевті "сабырлы, табанды, жауапкершілігі мол" адам деп сипаттайды.

"Нұрланның әкесі 2006 жылы қайтыс болған. Зейнеткер анасы, өзінен үлкен әпкесі мен ініс бар. Ипкесі мен інісі мүгедек. Отбасының жалғыз асыраушысы Нұрлан болатын, "Алатау" базарында шағын іс ашып, жұмыс істеп жүрген, - деді марқұмның туысы Мұрат Дадабаев.

Нұрлан Өтеулиевтің соңында 10 жасар ұлы қалды, әйелінің аяғы ауыр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны