16.01.2007, 18:36 3179

Тараздағы мұнай және газ өңдеу кәсіпорынында өрт шықты, құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ

ТАРАЗ. 16-қаңтар. Kazakhstan Today."Қазхиминвест" ЖШС аумағындағы өнеркәсіп аймағында өрт шықты, құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі Жамбыл облысының төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Мекеме ақпараттарына сүйенсек, өрт сыйымдылығы 100 текше метрді құрайтын жердегі солярка құйылған металл резервуарда шыққан. "Апаттық-құтқару жұмыстары және өрт сөндіру қызметі" мемлекеттік мекемесінің бөлім бастығының орынбасары Талғат Сабировтың айтуынша, "резервуардағы солярка ағып, жалын резервуардың жанына да, оның ішіне де тараған". Резервуардың қызып кетуінен болған жарылыс оның қақпағын лақтырып тастаған. Тілсіз жаудың бензин құйылған жапсарлас резервуарларды шарпу қаупі туған.

Өрттің шығу себебі әлі анықталған жоқ. Өрт резервуарлардағы дәнекерлеу, жөндеу жұмыстарының салдарынан болуы мүмкін деген болжам бар. Қарапайым техникалардың қауіпсіздік ережелерін сақтамау да жоққа шығарылмайды.

Тілсіз жау өрт сөндіру қызметінің күшімен 11 сағат 50 минутта сөндірілді. Өрт сөндіруге "Құтқарушы" РМК бөлімі мен өртке қарсы күрес қызметінің жеке құрамының 53 қызметкері мен 9 техникасы жұмылдырылды.

Кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаменттің мәліметтеріне сүйенсек, "Қазхиминвест" ЖШС соңғы бірнеше айдан бері жанармай өңдеумен айналысуда. Шикізат (мұнай Құмкөл кенішінен, газ конденсаты Қарашағанақтан жеткізіледі) өңдеуші кәсіпорынның қуаты тәулігіне 50 тонна бензин өндіруге мүмкіндік береді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны