26.12.2007, 18:46 3525

Жамбыл облысында қалың жауған қар салдарынан барлық асулар жабылды

Жамбыл облысында қалың жауған қар салдарынан барлық асулар жабылды

Тараз. 26-желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Жамбыл облысында жауған қалың қардың салдарынан барлық асулар жабылды. Бұл туралы "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісіне Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.

"Облыста қалың жауған қардың салдарынан барлық асулар жабылып, көліктердің елді-мекеннен тыс жерге шығуына тыйым салынды. Оңтүстік Қазақстан облысына бет алған транзиттік транспорттар тек Тараз қаласына дейін ғана жеткен, адамдар қала мектептеріне орналыстырылуда",- деп хабарлады департаменттегілер.

Жуалы ауданында қар құрсауында қалған бөгеттердің салдарын жойып, адамдарға көмек көрсетуге 120 адам және 30 бірлік инженерлік техника жұмылдырылған.

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің хабарлауынша, ауданның қар басып қалған аумағынан барлығы 1 мыңға жуық адам көшірілген, олардың 400-ге жуығы Бурное станциясынан теміржол көлігімен Шымкент және Тараз қалаларына жөнелтілген, 600 адам Шақпақ ата, Амансай, Ынтымақ елді мекендерінің білім ошақтары мен тұрғын үй ғимараттарына орналастырылған. Тараздың мектептеріне 150 адам орналастырылған. Қала мектептерінің шұғыл орналастыру мүмкіндігі 700 адамды құрайды.

Адамдар орналастырылған жерлерде ыстық тамақ беру ұйымдастырылып, жедел медициналық жәрдемнің екі бригадасы медициналық қызмет көрсетуде.

Б. Момышұлы атындағы аудан орталығынан байланыссыз қалған 7 елді-мекенде 34-тен 39 апталық 8 жүкті әйел қалып отыр. Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің "Казавиаспас" РМК МИ-8 тікұшағын жақын арада ұшыруды жоспарлануда.

Ауа райының қиындай түсуі әзірге қар бөгеуінде қалған көліктердің барлығын шығаруға мүмкіндік бермей отыр. Киік асуы - Б. Момышұлы бағытындағы республикалық маңызы бар тасжолда 15 көлік қар құрсауында қалған, жүргізушілер мен жолауышлар жақын маңдағы елді-мекендерге жеткізіліп, орналастырылған.

Шақпақ асуында қар құрсауында 57 көлік, Амантай ауылы мен "Рубеж" шекарасында 212 көлік қалған, бұл көліктердің барлық жолаушылары мен жүргізушілері Шақпақ ата мен Амансай ауылдарына жеткізілген, деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.

Жамбыл облысының Ішкі істер департаментінің жол полициясы басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, өткен тәулікте жолдағы апаттар тіркелмеген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны