31.01.2007, 18:16 6766

Жамбыл облысында павлодарлық азаматтан 7 кг героин, Семейде жергілікті тұрғыннан 17,5 кг марихуана тәркіленді

ТАРАЗ. СЕМЕЙ. 31-қаңтар. Kazakhstan Today. Полицейлер Жамбыл облысында павлодарлық азаматтан 7 кг героин, ал Семейде жергілікті тұрғыннан 17,5 кг марихуана тәркіледі, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің республика өңірлеріндегі тілшілері.

Атап айтқанда, Жамбыл облысының Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, Жуалы АІІО мен есірткі бизнесімен күрес жөніндегі бөлім қызметкерлері 26-қаңтарда Б. Момышұлы атындағы ауылда 41-жасар ауыл тұрғыны жүргізген "Мазда-626" маркалы көлікті тоқтатқан. Көлік ішін қарау кезінде көлік жолаушысы 23 жасар Павлодар тұрғынының жол сөмкесінен есірткі оралған жеті дорба табылған.

Полицейлердің болжамдары бойынша, павлодарлық азамат Жамбыл облысына Оңтүстік Қазақстан облысынан келген. "Героиннің шығу тегі - Ауғанстан екені анықталды. Біз осымен айналысатын арнайы топтар мен нарядты күшейттік",- деді ІІД бастығы Мейірхан Жаманбаев.

Ұсталған азамат бұрын қарақшылық жасағаны үшін сотталған. Қазіргі уақытта оның үстінен ірі көлемдегі есірткі тасымалдау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сондай-ақ, Семей қаласының есірткімен күрес жөніндегі бөлімнің қызметкерлері Семей қаласының тұрғынынан 17,5 кг марихуана тәркіледі.

Бүгін Семей қаласының ІІБ есірткі бизнесімен күрес жөніндегі бөлімнің жедел уәкілі Ермек Таниевтың журналисттерге хабарлағанындай, жедел - алдын алу шараларын жүргізу барысында қаланың 30 жасар жұмыссыз тұрғыны құрықталған. "Ұсталған жігіттің иелігіндегі адам тұрмайтын ғимараттан 19 қара дорбаға бөліп оралған 17,5 кг марихуана табылып, тәркіленді",- деді Е. Таниев. "Ұсталған өз кінәсін мойындап отыр. Ол марихуананы өзінің пайдалануы үшін сақтағанын мәлім етті",- деді полиция капитаны.

Есірткі сақтаушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Полиция органдарының мәліметтеріне сүйенсек, жылдың басынан бері Семейде есірткінің заңсыз айналымына байланысты жасалған 13 қылмыс, Жамбыл облысында 32 қылмыс ашылған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны