17.11.2006, 13:55 3116

Жамбыл облысында тоғыз адам саңырауқұлақтан уланды, олардың екеуі қайтыс болды

ТАРАЗ. 17-қараша. Kazakhstan Today. Жамбыл облысында тоғыз адам саңырауқұлақтан уланды, олардың екеуі қайтыс болды. Бұл туралы Kazakhstan Today агенттігіне мемлекеттік санитарлық-эпидемилогиялық қадағалау департаментінен хабарлады.

Мәселен, мемлекеттік санитарлық-эпидемилогиялық қадағалау департаментінің тағам гигиенасы бөлімінің бастығы Анна Воробьеваның айтуынша, Шу аудандық орталық ауруханасына 8-қарашада улану белгілерімен 4 адам түскен. Зардап шеккендердің айтуынша, соның алдында ғана кешкісін олар қуырылған саңырауқұлақ пен картоп жеген.

"39 жастағы ер адамның денсаулығы екі күннен кейін нашарлап, ол қайтыс болды",- дейді А.Воробьева. "Белгілі болғанындай, тамақ жасау барысында ол саңырауқұлақты пісірместен, шикі күйінде жеп көрген. Сонымен бірге ол түнде тамақтың қалғанын тауысып жеп, оған қоса арақ ішіп алған", деп хабарлаған дәрігердің айтуынша, "спиртті ішімдік удың тез арада сіңуіне түрткі болып, жағдайды тіптен ушықтырып жібереді".

Мерке ауылындағы аудандық орталық ауруханаға 10-қарашада бір егде ер адам мен оның 9 және 5 жастағы немерелері саңырауқұлақтан улану белгілерімен келіп түскен. Үш күннен кейін 5 жасар немере қыз қайтыс болған. "Ал атасы мен немересі қазір ауруханадан шығуға дайындалып жатыр",- деді дәрігер.

Маманның айтуынша, "екі жағдайда да адамдар қозықұйрық тектес саңырауқұлақтан уланған".

Жаңалықты дайындау барысында Таразда тағы екі адамның саңырауқұлақтан уланғаны туралы ақпарат мәлім болды. Екі адам да қазір облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп жатыр. "Олардың біреуінің ауруы асқынып, гастрит пайда болды. Бұл да қозықұйрық саңырауқұлақтан уланудың бір белгісі",- деп хабарлады мемлекеттік санитарлық-эпидемилогиялық қадағалау департаменті директорының орынбасары Виолетта Касапакалис.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Оңтүстік Қазақстан облысында 60-тан астам адам саңырауқұлақтан уланып, олардың бесеуі қайтыс болды. Республиканың оңтүстік өңірлерінің мемлекеттік санитарлық-эпидемилогиялық қадағалау департаменттері жаңадан өсіп шыққан саңырауқұлақтарды сатуға тыйым салды.

Мамандардың пайымдауынша, биыл күн райының жылылығына және жоғары ылғалдылыққа байланысты республиканың оңтүстік өңірлерінде саңырауқұлақ көбейген, соның ішінде жеуге келетіндерінен айнымайтын улылары көп.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны