08.12.2006, 10:43 2658

Жоғарғы сот Сәрсенбаевты өлтіруге қатысты іс бойынша үкімдерді өзгеріссіз қалдырды

АСТАНА. 8-желтоқсан. Kazakhstan Today. Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев пен оның көмекшілерін өлтіруге қатысты іс бойынша Алматы облыстық соты шығарған үкімдерді өзгеріссіз қалдырып, апелляциялық шағымдары қанағаттандырмай тастады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Соттың шешімін бүгін Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасының төрағасы Ибдірашит Жүкенов оқып таныстырды.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, А. Сәрсенбаев пен оның серіктестері - оққағары Бауыржан Байбосын мен жүргізушісі Василий Журавлевтің тапанша оғынан жараланған денелері 13 ақпан күні Алматы облысы Талғар ауданы Көктөбе және "12 бригада" ауылдары арасындағы ауыларалық тас жолдың бойынан табылған болатын. Саясаткерді ұрлап әкету және өлтіру ісі бойынша он адам, оның ішінде "Арыстан" арнайы қызметінің алты қызметкері күдікті ретінде ұсталған.

Жоғарғы соттың қаулысымен Алтынбек Сәрсенбаев, Василий Журавлев пен Бауыржан Байбосынды өлтіруге қатысты қылмыстық істі Талдықорғандағы Алматы облыстық соты қарады. Сот мәжілістері 14-маусымда басталып, 31-тамызда аяқталды.

Атап айтқанда, сот үкіміне сәйкес, сенат аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев А.Сәрсенбаевты өлтіруге тапсырыс беруші деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айрылса, сот қылмысты тікелей ұйымдастырушы әрі атқарушы деп таныған Рустам Ибрагимов өлім жазасына кесілді, мүлкі тәркіленетін болды. Сондай-ақ, адам ұрлап өлтірген деген айып тағылған Виталий Мирошников та 20 жылға бас бостандығынан айрылып, мүліктері тәркіленетін болды.

Қылмысқа қатысқан басқа жеті адамды сот 3-тен 14-жылға дейін бас бостандықтарынан айыруға үкім шығарды.

Қылмыстық іс бойынша жапа шеккен және айыпталған екі жақ бірдей Жоғарғы сотқа жүгінген. Жоғарғы сотта іс апелляциялық тәртіппен 5-желтоқсанда қарала бастады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны