31.07.2026, 20:07 7586

Қырғызстан мен Өзбекстан өңірлік даму инфрақұрылымын қалыптастыруда

Қырғызстан мен Өзбекстан өңірлік даму инфрақұрылымын қалыптастыруда
Сурет: kabar.kg
Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы шекара мәселесі Садыр Жапаров пен Шавкат Мирзиёевтің саяси ұстанымдарының арқасында оң шешім табуы өңірдегі тұрақтылық пен өзара сенімді нығайтудың маңызды факторына айналды. Даулы аумақтар бойынша өзара тиімді келісімге қол жеткізген Бішкек пен Ташкент Кеңес Одағы ыдырағаннан бері шешілмей келген аумақтық келеңсіздіктерді еңсерді. Бүгінде екі ел аймақтағы көршілер ғана емес, бір-бірінің ұлттық мүдделерін ескере отырып, өзара тиімді даму саясатын үйлестіріп отырған жақын серіктестерге айналды, деп хабарлайды "Кабар" ақпарат агенттігі.

Әрине, бүгінгі басымдылық - бұл экономика саласындағы ынтымақтастық. Бұл тұрғыда Қырғызстан мен Өзбекстанның өзара тауар айналымын бірнеше есе арттыруға толық мүмкіндігі бар. Екі ел арасындағы сауда маңызды болғанымен, бүгінде мемлекет басшылары Орталық Азияның әлеуетін күшейтіп, өнеркәсіптік және технологиялық серпінге жол ашатын өңірлік маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға ерекше назар аударып отыр.

kabar.kg

Екі елдің де мүдделік танытып отырған өзара ынтымақтастықтың негізгі жобаларының бірі - Қытай - Қырғызстан - Өзбекстан теміржолы. Салынып жатқан бұл магистраль Еуразияның барлық бөлігін ең қысқа бағыт арқылы байланыстыратын маңызды көлік дәлізіне айналаып отыр. Оның транзиттік әлеуеті зор. Алайда жобаның басты артықшылығы - теміржол бойында түрлі өндірістерді орналастырудың тиімділігінде. Бұл өз кезегінде ірі инвесторларды тартуға, жаңа технологияларды енгізуге және өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға мүмкіндік береді. Сарапшылардың пайымдауынша, теміржол пайдалануға берілгеннен кейін ашылатын мүмкіндіктер өңірлік ынтымақтастықтың көкжиегін едәуір кеңейтеді.

Тағы бір маңызды жоба - "Қамбар-Ата-1" су электр станциясының құрылысы болып табылмақ. Бұл ірі СЭС Орталық Азияны даму үшін қажетті электр энергиясымен қамтамасыз етіп, су теңгерімін сақтауға ықпал ете алады. Бүгінгі күнде климаттың жылдам өзгеруі жағдайында бұл Орталық Азия экономикасы мен бүкіл Еуразия кеңістігінің тұрақты дамуы үшін ерекше маңызға ие. Осыған байланысты Бішкек пен Ташкент серіктестермен барлық келісімдерді жедел аяқтауға, Қазақстанмен бірлескен консорциум аясындағы тиісті құжаттарға қол қоюға және аймақтағы елдерін бұрынғыдан да жақындастыратын ауқымды құрылысты бастауға мүдделі.

Бұл - таяу болашақтың міндеті. Сонымен қатар, күн тәртібінде азаматтардың әл-ауқатының артуына тікелей әсер ететін мәселелер де тұр, яғни бірлескен кәсіпорындар құру, өзара сауда көлемі мен тауар номенклатурасын кеңейту, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бар.

Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген экономисі Нұрбек Элебаевтың мәлімдеуінше, Қырғызстан мен Өзбекстан үкіметтерінің алдына қойылған міндет - екі ел арасындағы сауда көлемін 2 миллиард АҚШ долларына жеткізу. Және де бұл екі мемлекеттің экономикалық әлеуетінің шегі емесі сөзсіз.

kabar.kg

"Агроөнеркәсіптік кешен мен өңдеу өнеркәсібі - біз көптен бері ынтымақтасып келе жатқан салалар. Өзбекстан бізге ерте пісетін көкөністер мен жеміс-жидектерді тұрақты түрде жеткізеді, себебі ондағы климат оларды көбірек әрі күздің соңына дейін өсіруге мүмкіндік береді. Ал, Қырғызстаннан Өзбекстанға ет, сүт өнімдері, бал және сусындар экспортталады. Шекарадан өту тәртібі біртіндеп жетілдіріліп келеді, енді оны одан әрі ырықтандыру қажет. Бұл бизнеске сауда көлемін арттыруға мүмкіндік береді", - деді Нұрбек Элебаев.


Оның пайымдауынша, тоқыма кластерлерінің болашағы зор.

"Өзбекстан мақта мен мата жеткізсе, Қырғызстанда сапалы тігін өндірісі жолға қойылған. Мұндай өнімдер үшін Еуразиялық экономикалық одақ нарығы толық ашық және олардың бәсекеге қабілеттілігі жоғары болады.


Ал, құрылыс саласына келсек, Өзбекстан бізден цемент пен шыны сатып алады. Біз олардан керамика, сантехника және арматура аламыз. Бұл салада, мысалға айта кететін болсақ, Ош қаласында қоймалары бар бірлескен кәсіпорындар құрудың келешегі зор. Қытай - Қырғызстан - Өзбекстан теміржолы іске қосылғаннан кейін бұл тауарлар үшін Еуразиялық экономикалық одақ нарығымен қатар алыс шетел нарықтары да ашылады. Біз бір-бірімізді электр энергиясымен қамтамасыз етеміз. Сондықтан, "Қамбар-Ата-1" су электр станциясы мен осыған ұқсас жобалардың құрылысы экономикалық ынтымақтастықтың аса маңызды бағытының бірі болып табылады. Су-энергетикалық теңгерім - бүкіл өңірдің тұрақтылығының негізгі кепілі", - деп атап өтті Нұрбек Элебаев.

Экономика және бизнес саласының сарапшысы Сергей Пономарев Қырғызстан үшін айтарлықтай қызығушылық тудыратын негізгі бағыттарды атап өтті.

kabar.kg

"Біз Өзбекстандағы заманауи технологиялық желілермен жабдықталған кәсіпорындарды аралап көрдік. Олар мақтаны өздері өсіріп, жіпті, матаны және дайын материалды өздері өндіреді. Яғни, бұл бағытта өндірістің толық циклі қалыптасқан. Маталар мен фурнитураның сапасы жоғары, бағасы да бәсекеге қабілетті. Өзбекстанмен бірлескен кәсіпорындар құруға толық мүмкіндік бар. Мұны Қырғызстанда өз көзімізбен көріп отырған жобалар дәлелдейді. Соның бірі - автомобильдерді толық циклмен құрастыратын зауытты айтуға болады. Бүгінде көрші елде қытайлық, америкалық және жапондық брендтер жұмыс істейді. Сондықтан бұл бағыттағы ынтымақтастықты батыл түрде жалғастыруымыз керек", - деді Сергей Пономарев.


Сарапшының айтуынша, Өзбекстанда мұнай қоры бар және химия өнеркәсібі жақсы дамыған.

"Бұл - біз үшін ерекше қызығушылық тудыратын әрі болашағы зор бағыттар. Қазіргі таңда олардың маңызы өте жоғары. Өңдеу зауыттары, оларды құру және пайдалану тәжірибесі - бүгінгі күні аса қажет", - деп қосты Сергей Пономарев.


Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібі өте ауқымды. Онда экономикалық өзара іс-қимыл мәселелері басымдыққа ие. Бұл әсіресе қазіргі кезеңде маңызды, өйткені Орталық Азия жаһандық деңгейде Еуразиялық әріптестіктің кең кеңістігін қалыптастыруда маңызды, тіпті айқындаушы рөл атқаратын субөңір ретінде қарастырылып отыр.

Авторы: Қырғыздың "Кабар" ақпарат агенттігінің тілшісі Кирилл Степанюк.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

Ең көп оқылғаны