05.02.2007, 11:07 4266

2007-жыл Украинадағы Қазақстан жылы, ал 2008-жыл - Қазақстандағы Украина жылы деп жарияланды

АЛМАТЫ. 5-қаңтар. Kazakhstan Today. 2007-жыл Украинадағы Қазақстан жылы, ал 2008-жыл - Қазақстандағы Украина жылы деп жарияланды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Украинадағы Қазақстан жылын салтанатты ашу рәсіміне қатысты.

- Қазақстанда 130 ұлт пен ұлыс ынтымақтастықта, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Соның ішіндегі үлкен диаспоралардың бірі - украиндық бауырлар. Біз Украина халқымен достық қарым-қатынасымыздың тереңдей беруіне үлкен мән береміз. Баршаңызды тәуелсіздік алғаннан бергі біздің елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы қарым-қатынастардың сапалық жаңа кезеңінің бастауын айқындайтын Украинадағы Қазақстан жылының ресми ашылуымен құттықтаймын. Бүгінгі күні біздер саяси сенімнің биік деңгейіне, өзара сыйластық пен тең құқылы әріптестікке негізделген сапалық жаңа қарым-қатынастардың берік негізін қаладық. Қазақстан мен Украина қазірде алуан сала бойынша тығыз байланыс орнатқан. Қазақстан мен Украина арасындағы 2005 жылғы екіжақты сауда айналымы бір миллиард доллардан асса, ал 2006 жылдың қорытындысы бойынша бұл меже 1,6 миллиард долларды құрады. Біздің елдеріміз арасындағы белсенді өзара іс-қимыл іс жүзінде барлық бағыттар бойынша даму үстінде, - деді Қазақстан президенті өзінің сөйлеген сөзінде.

Қазақстан басшысы сондай-ақ Украинаның Ұлттық Ғылым Академиясының президенті Борис Патонға Қазақстан мен Украина қарым-қатынастарын дамытудағы, екі ел арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайту ісіндегі еңбегі үшін екінші дәрежелі "Достық" орденін табыс етті.

Салтанатты рәсімнің соңы Қазақстан өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Украинаның Жоғарғы Радасында болып, Жоғарғы палата төрағасы А.Морозбен кездесті. Кездесу барысында парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ бұл күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Киевте Украинаның Премьер-Министрі Виктор Януковичпен кездесті.Кездесу кезінде екі елдің сауда-экономикалық қарым-қатынастарын нығайту мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Украинаға ресми сапары аясында Киевте қазақстан-украин бизнес-форумы болып өтті. Форум жұмысына екі елдің басшылары, үкімет мүшелері және Қазақстан мен Украинаның іскер топ өкілдері қатысты.

Форумды ашу кезінде Виктор Ющенко Украина қазақстандық инвестицияның келуіне аса мүдделі екенін атап өтті.

- Бұл біздің стратегиялық мүддеміз. Украин мемлекеті Қазақстан бизнесінің украин рыногында дамуы үшін толық қолдау көрсететін болады. Украина қазақстандық инвесторлардың украина рыногына кірігуі мәселенамасымен айналысатын тиісті комиссия құруға әзір, - деді Украина президенті.

- Бізге елдеріміздің экономикасына бизнес пен капиталды өзара қатыстыруды кеңейту мен келешегі зор жобаларды жүзеге асыру үшін бар мүмкіндіктер мен тетіктерді іске қосу қажет, - деді Нұрсұлтан Назарбаев форумда сөйлеген сөзінде.

Қазақстан Президенті 2006 жылы 1,6 миллиард долларды құраған екіжақты сауда айналымының өсу қарқынын атап өтті. Соңғы алты жылда Украина экономикасына салынған қазақстандық қаржының көлемі 70 миллионнан астам долларды, оның ішінде тікелей инвестиция - 4 миллион долларды құрады.

Осы күні сондай-ақ Қазақстан басшысы Украинаның Даңқ монументіне гүл шоқтарын қойды.

Киевтің Мариинск сарайында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Украина Президенті Виктор Ющенконың ресми кездесу рәсімі болды.

Шағын құрамдағы келіссөздерді ашу кезінде Виктор Ющенко Украина Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастарды аса бағалайтынын және оларды "тұрақты әрі тығыз" деп санайтынын атап көрсетті.

- Бүгінгі кездесу - соңғы екі жылдағы төртінші кездесуіміз және де бұл біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардың сенімді әрі серпінді болып табылатынын айғақтайды, - деді Украина Президенті.

Қазақстан басшысы нақ осындай биік деңгейдегі байланыстар екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді. Президент Украинадағы Қазақстан жылын және 2008 жылы Қазақстандағы Украина жылын өткізу украин мен қазақ халқы арасындағы байланыстарды одан әрі күшейте түсетінін атап өтті.

Кеңейтілген құрамдағы келіссөздер кезінде екіжақты ынтымақтастықтың, атап айтқанда сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтудың өзекті мәселелері, сондай-ақ Қазақстан Президентінің 2005 жылғы қарашадағы Украинаға сапары барысында қол жеткізген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Украина басшылары 2007-2008 жылдарға арналған Қазақстан-Украина іс-қимылдар жоспарына ("Жол картасы 2") қол қойды. Сондай-ақ екі мемлекет басшыларының қатысуымен 2004 жылғы 1 маусымдағы Қазақстан мұнайын Украинаға жеткізу және оны Украина аумағы арқылы тасымалдау туралы Келісімге өзгерістер енгізу туралы Хаттамаға, Қазақстан Республикасының Маңғыстау облыстық әкімдігі мен Украинаның Львов облыстық мемлекеттік әкімшілігі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени байланыстар туралы келісімге қол қойылды.

Екіжақты құжаттарға қол қою рәсімінен кейін президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Виктор Ющенко бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны