19.08.2011, 10:02 4300

Африка елінің билік өкілдері екі отандасымызды бағалы тас ұрлады деп айыптауда

Герман Кан бауыры екеуі өткен жаңа жылды мидай ыстық құрлықта қарсы алуға құлық танытып тартып кеткен. Тегінде туристер төбе көрсетпейтін Сьерра-Леонеге. Аталмыш елдің Фритоун қаласына ат басын тіреген олар желтоқсанда жағажайда жатып, күннің көзіне күйдірінген. Бірақ өзге елдің "сұлтандары" оларға қырғидай тиіп, ақыр соңында азаматарымыз түрмеге тоғытылған.

Алматы. 19-тамыз. Kazakhstan Today - Африка елінің билік өкілдері екі отандасымызды бағалы тас ұрлады деп айыптауда, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

BNews.kz ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, тағы да екі отандасымыз жат жұртта қиын жағдайға тап болған. Қазақстан азаматы Герман және Артур Кандар қаңтардан бері Батыс Африкадағы Сьерра-Леоне елінде қамауда жатқаны белгілі болды. Ол жаққа демалысқа кеткен ағайындыларды арада сегіз ай өтсе де түрмеден шығарып алу мүмкін болмай тұр. Олар қымбат бағалы тастарды ұрлады деп айыпталуда. Ал еліміздің Сыртқы істер министрлігі аталмыш елмен ақпарат алмаса алмай отыр.

Герман Кан бауыры екеуі өткен жаңа жылды мидай ыстық құрлықта қарсы алуға құлық танытып тартып кеткен. Тегінде туристер төбе көрсетпейтін Сьерра-Леонеге. Аталмыш елдің Фритоун қаласына ат басын тіреген олар желтоқсанда жағажайда жатып, күннің көзіне күйдірінген. Бірақ өзге елдің "сұлтандары" оларға қырғидай тиіп, ақыр соңында азаматарымыз түрмеге тоғытылған.

Герман Канның жұбайы Арай Сайболатованың айтуынша, оқиға былай болыпты: жағажайда жатқан жерлестерімізге жергілікті жігіттер келіп қымбат тас сататындарын, қажет болса қап-қап қып қамдап беретіндерін айтқан. Бірақ жерлестеріміз бұдан бас тартып, арты төбелеске ұласқан. Дереу жеткен тәртіп сақшылары бұзақыларды емес, қандастарымызды қамауға алыпты. 4 қаңтарда болған осы оқиғадан Арай кейін құлағдар болған. 19 қаңтар күні жолдасы ұшақпен ұшып келмеген соң ол жұбайын жанұшыра іздей бастайды. Екі тәулік өткенде телефонына хат келген. "Тіріміз, түрмедеміз" деген. Суыт хабардан соң отандастарымызды қапастан босатудың құны 80 мың АҚШ доллары тұрады деген ақпар да айтылған.

Жұбайының жалбарынып жәрдем сұрамаған жері жоқ. Сандалып жүргенде арада сегіз айдан астам уақыт өтті. Арайдың Сыртқы істер министрлігіне жазған екі хатына жарытып жауап берілмеген. Жерлестеріміздің бірінің қаңтардағы қақтығыста көз жанары зақымданған. Қажетті ем-дом шаралары да жарытып жасалмай жатқан көрінеді, ал ауқаттануға тек таңертең су мен қара нан әкеп береді екен.

Бүгін Сыртқы істер министрлігі осы жағдайға байланысты не істеп, не қойып жатқандарын тәптіштеп айтты. Сьерра-Леонеде екі елді елдестіретін елшіміз жоқ, сондықтан мән-жайды анықтау Мысырдағы елшілікке жүктелген. Сонымен қатар Ресейдің Гвинеядағы елшілігінен де қандастарымызға қарап қоюды өтініпті. Бірақ бұл амалдардың ешқайсысы азаматтарымызды қапастан құтқаруға қауқарсыз. Қазір дипломаттарымыз күрделі мәселенің күрмеуін шешудің өзге де жолдарын іздеп жатқан көрінеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны