02.10.2006, 10:19 3113

Ақ үйде Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары президенттерінің кездесуі болып өтті

АСТАНА. 2-қазан. Kazakhstan Today. Ақ үйде өткен жұмада Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Америка Құрама Штаттарының президенті Джордж Буштың кездесуі болып өтті. Бір сағаттық әңгіме барысында мемлекет басшылары екіжақты қарым-қатынастар мен халықаралық саясаттың негізгі мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

- Мен үшін Қазақстан президентін осы доғал залда тағы да қарсы алу үлкен құрмет. Қазақстан басшысы мұнда менің әкем президент болып тұрған кезде болған. Біз аса маңызды кездесу өткіздік. Біз экстремизмге соққы беру және күллі әлемдегі тұрақтылық пен ұстамдылықты қолдайтындарға қолдау көрсету жөніндегі ұмтылыстарымызды талқыладық. Мен президентке Ирактағы демократияны құруға көрсеткен қолдауы мен қосқан үлесі үшін алғыс білдірдім. Сондай-ақ Ауғанстанда демократиялық қоғам құрудағы ынта-ықыласына терең ризашылық сезімімді жеткіздім. Біз Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруін қамтамасыз ету жөніндегі ортақ ұмтылысымыз туралы әңгімелестік. Біз бостандықтардың өркендеуіне мүмкіндік беретін институттарды құру туралы да сөйлестік. Мен осы маңызды ел - Қазақстанның Кеңес одағы құрамындағы кезінен қазіргі тәуелсіз мемлекет болған бүгінге дейінгі дамуын жіті бақылап келемін. Мен, президент мырза, сіздің көшбасшылығыңызға ризашылығымды білдіремін және Ақ үйге қош келіпсіз деймін, - деді АҚШ президенті Дж.Буш.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дж.Бушқа ыстық ықыласты қабылдауы үшін алғыс білдірді және АҚШ-тың Қазақстанға тәуелсіз мемлекет құрудың алғашқы күндерінен бастап қолдау көрсеткенін атап өтті.

- Экономика, энергетика, саясат саласындағы ынтымақтастығымыз біздерді аса жақын әріптес етті. Қазақстан өз экономикасының аса жоғары қарқынын, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейінің көтерілгенін, алдына жаңа өрелі мақсаттар қойғанын мақтан тұтады. АҚШ - Қазақстан экономикасының ірі инвесторы, елімізге тартылған инвестицияның үштен бір бөлігі Американың үлесіне тиеді. Қазақстан әрдайым Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ елімізге қауіпсіздік кепілдігін берген АҚШ-тың досы болып қала береді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесу аяқталғаннан кейін Қазақстан басшысының құрметіне АҚШ президенті Дж.Буштың атынан қонақасы берілді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны