26.12.2006, 16:54 2470

"Ақ жол" және "Иділет" саяси партиялары ынтымақтастық туралы келісім шарт жасасты

АСТАНА. 26-желтоқсан. Kazakhstan Today. Қазақстанның "Ақ жол" және "Иділет" саяси партиялары ынтымақтастық туралы келісім шарт жасасты, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Біз "Иділет" партиясымен бірінші кезекте саяси жүйені демократияландыру үшін, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық өзекті мәселелердің шешімін табу үшін күш біріктіргелі отырмыз",- деп хабарлама жасады бүгінгі баспасөз мәслихатында сөз алған "Ақ жол" партиясының көшбасшысы Илихан Байменов.

"Екі саяси партияның жетекшілері қол қойған ынтымақтастық туралы келісім шарт республикамыздың қоғамдық-саяси өмірі жөніндегі мәселелерде бірігіп заң жобалар мен заңдық актілерді, мемлекеттік бағдарламалар мен тұжырымдамалар әзірлеуде, сонымен қатар бірлесе отырып өтініштер, үндеулер, мемарандумдар және басқа да құжаттар қабылдауда екі жақтың ынтымақтасуын қарастырған", - делінген баспасөз баянында. "Сонымен қатар, халық пен екі партияның мүшелерінің саяси-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық білімін тереңдету мақсатында екі жақ бірлескен ғылыми-тәжірибелік конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар мен басқа да форумдар өткізбек", - деп көрсетілген құжатта.

Баспасөз баянында атап көрсетілгендей, келісім шартта жуық арада бірлескен акциялар мен іс-шаралар өткізу қарастырылған. Мысалы, 2007 жылдың басында Жер кодексінің қолданысқа енгізілуіне байланысты туындаған өзекті мәселелерді талқылауға арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу, "ҚР мұғалімдердің, дәрігерлердің және басқа да бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерінің мәртебесі туралы" заң жобасын жасау жөнінде бастама көтеру және оны бірлесіп әзірлеу жоспарланған. Сонымен қатар, партиялар азаматтардың құқықтарын, шағын және орта бизнесті қорғауға, сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге бағытталған "Ақиқат" қоғамдық құқық қорғау қорын құруды жоспарлап отыр.

"Ынтымақтастық туралы келісім шартта "Ақ жол" және "Иділет" саяси партияларының қоғамды демократияландыру, саяси реформаларға қайта айналмайтын өзгерістер сипатын беру, сондай-ақ, еліміздегі саяси, әлеуметтік және экономикалық проблемаларды конструктивті жолмен шешу арқылы саяси жүйені жетілдіре түсуді ортақ мақсаты деп санайтындығы атап көрсетілген",- делінген баспасөз баянында.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны