11.12.2007, 16:08 1490

АҚШ Конгрессі Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 2010 жылы төраға болып сайлануын қолдайды

АҚШ Конгрессі Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 2010 жылы төраға болып сайлануын қолдайды

Астана. 11 желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - АҚШ Конгрессі Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 2010 жылы төраға болып сайлануын қолдайды, деп хабарлайды агенттік президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

АҚШ Конгрессі өкілдер палатасының Калифорния штатынан сайланған мүшесі Дэррелл Айсса АҚШ Конгресінің ресми хаттамасына енгізілген арнайы мәлімдеме жасады.

Мадридте бірауыздан қабылданған шешімді қуаттай отырып, Д.Айсса былай деп мәлімдеді: "Өткен аптада Мадридте өткен ЕҚЫҰ СІМК-де 56 мүше мемлекет ұйымға 2009 жылы Грекияның, 2010 жылы Қазақстанның, 2011 жылы Литваның төрағалық етуіне дауыс берді.

Бұл елдердің бәрін де осындай жоғары жетістіктерімен құттықтауға болады. Дегенмен, 2010 жылы төрағалыққа Қазақстанның таңдалуы бірқатар салиқалы себептерге байланысты айрықша маңызды болып табылады.

Біріншіден, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа сайланған бірінші посткеңестік республика болады, өңірдің көптеген басқа елдері коммунистік режимнен толыққанды демократияға өтудің күрделі үдерісін бастан кешіп жатқанын ескерсек, бұл уақтылы қабылданған шешім. Өңірдегі ірі ел бола отырып Қазақстан ЕҚЫҰ қызметінің адам құқықтары мен демократияны алға бастыру сияқты шешуші бағыттарын дамытуда өте жақсы мүмкіндіктерге ие.

2007 жылдың 18 тамызында өткен парламенттік сайлауда Қазақстан 1743 сайлауалды учаскелеріндегі дауыс беруге мониторинг жүргізу үшін 1200 байқаушыны шақырды және ЕҚЫҰ-ның байқаушылар тобымен толыққанды қызметтестікте болды.

Парламент сайлауына аз уақыт қалғанда Қазақстан сайлау туралы ақпараттарға жұртшылықтың және БАҚ-тың қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, ашық та әділ сайлау жүйесін одан әрі дамыту үшін реформалар жасады.

Қазақстандық жол баспасөз бен құқық қорғау ұйымдарының бостандығын дамытудан, заңның үстемдігіне сенімді арттырудан және демократиялық құндылықтарды нығайтудан тұрады. ТМД-ның қалған елдері Қазақстаннан үлгі алады деген сенім үлкен".

Мемлекет басшысының атына жолдауында Д.Айсса былай деп атап өтеді: "ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге қол жеткізген бұрынғы КСРО-дағы бірінші республика бола отырып, Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы демократияға өту кезеңін бастан өткеріп жатқан былайғы елдер үшін жақсы үлгі көрсетудің айрықша мүмкіндігіне ие. Сіздің еліңіздің төраға лауазымындағы іс-қимылдарына өңірде ғана емес, сонымен бірге бүкіл әлемде мұқият көз салатын болады, сондықтан мен Қазақстанның өз міндеттерін абыроймен атқарып шығатынына сенімдімін.

Президент мырза, сіздің басшылығыңызбен Қазақстан авторитарлық басқару бұғауын алып тастап, демократия жолында алға басуда. Сіздің өз еліңіздегі ұстанымдар мен арасалмақтар жүйесін нығайтуды жалғастырып, Қазақстан халқына бұрынғыдан да жақсы қызмет ете алуы үшін парламент өкілеттігін кеңейте түсетіндігіңізге сенемін. ЕҚЫҰ-ға төрағалық лауазымын алу - сіздің республикаңыз заңды түрде мақтана алатын жетістік".

АҚШ Конгресі өкілдер палатасының Халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Том Лантос өз хатында былай деп атап көрсеткен:

"Орталық Азиядағы ірі мемлекет бола отырып, Қазақстан ЕҚЫҰ қызметінің адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету және демократияны алға бастыру сияқты басты бағыттарының, әсіресе қазіргі кезде елдері коммунизмнен демократияға өту кезеңін бастан кешіп жатқан өңірлерде дамуына өз мысалдары арқылы үлгі көрсету мүмкіндігіне ие".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны