28.04.2009, 15:34 3763

Арал өңірінің экологиясына қатер төндіретін факторлардың өсу дәрежесі қабылданып жатқан шаралардың ауқымынан әлдеқайда артып отыр - Назарбаев

"Бір өкінерлігі, кейінгі уақытта қордың өзінің рөлі де тиімділіктен айрыла бастады. Осындай жағдайда біз осы ұйымның рөлі мен беделін көтеру бағытында түбегейлі шешім қабылдауымыз қажет", - деді ол.

Алматы. 28 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Арал өңірінің экологиясына қатер төндіретін факторлардың өсу дәрежесі қабылданып жатқан шаралардың ауқымынан әлдеқайда артып отыр. Бұл туралы бүгін Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының саммитінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі.

"Арал теңізі бассейнінің ағымдағы жағдайына жасалған талдаулар көрсеткендей, біздің жұмсап жатқан күш-жігерімізге қарамастан, өңірдің экологиясына қатер төндіретін факторлардың өсу дәрежесі қабылданып жатқан шаралардың ауқымынан әлдеқайда артып отыр. Мұндай факторлар ретінде күн райының ғаламдық өзгерісін және қуаңшылыққа қатысты қиындықтар мен өзендердің ағысын реттеп жатқанның өзінде суармалы судың тапшылығы туындауын атауға болады", - деді Н. Назарбаев.

"Бір өкінерлігі, кейінгі уақытта қордың өзінің рөлі де тиімділіктен айрыла бастады. Осындай жағдайда біз осы ұйымның рөлі мен беделін көтеру бағытында түбегейлі шешім қабылдауымыз қажет", - деді ол.

Оның айтуынша, қордың бұдан былай да тиімді жұмыс істеуі үшін бірқатар шараларды қолдану қажет.

"Бірінші, қордың атқару комитетінің басқармаларының рөлін нығайту мәселесінің маңызы зор. Біз басқарма мүшелерінің мәртебесін үкімет басшыларының орынбасарлары деңгейінде белгілеу қажет деп санаймыз. Қазақстан өз тарапынан үкімет басшысының бірінші орынбасарын тағайындайды", - деді Н. Назарбаев.

Сондай-ақ, оның айтуынша, "мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының өкілдерінің деңгейін көтеру қажет: комиссияға су шаруашылығы министрлері мен үкімет мүшелері енуге тиіс".

"Біз қордың тиімділігін көтеру үшін түбегейлі заңнамалық, қаржылық, шаруашылық шараларды қолдануға тиіспіз", - деді президент.

"Екінші, жаңа атқару комитеті халықаралық ұйымдармен және донорлармен ынтымақтастықты қарқындандыруға барлық шараларды қолдануға, жарғылық құжаттардың заңгерлік сараптамасын жүргізуге, атқару комитеті басқармаларының құрамына шетелдік сарапшыларды да қамту мүмкіндіктерін қарастыруға тиіс", -деді Қазақстан президенті.

"Арал теңізінің бассейніндегі экологиялық ахуал мен әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту жөніндегі нақты іс-қимылдардың үшінші бағдарламасын жасап келісу үшін Қазақстан донорлардың қатысуымен келесі жылы халықаралық конференция өткізуді ұсынады", - деді ол.

"Үшіншіден, БҰҰ Бас Ассамблеясының 2008 жылы Халықаралық Аралды құтқару қорына БҰҰ Бас Ассамблеясының бақылаушысы дәрежесін бергені аса маңызды оқиға. Бұл қордың БҰҰ институттарымен ынтымақтастығын дамытуға мүмкіндік береді. Халықаралық Аралды құтқару қорын БҰҰ құрылымына қамту мәселесін одан әрі ілгерілете беру керек", - деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев.

"Төртіншіден, дүниежүзілік қоғамдастықты Арал проблемалары жайында хабардар ету жұмыстарын күшейту, соның ішінде БҰҰ және ЕҚЫҰ секілді ұйымдардың диалог алаңдарында оны күшейте түсу қажет. Бұл істе қормен қатар біздің елдердің мемлекеттік органдары мен қоғамдық ұйымдары да белсенділік танытуға тиіс. Бұл мәселені ілгерілетуге БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Превентивтік дипломатия жөніндегі аймақтық орталығы да нақты үлес қосады деп сенеміз", -деді ол.

Н. Назарбаев : "өңірлік экологиялдық проблемаларды шешуге ЕҚЫҰ әлеуетін де кеңінен қолдануға мүмкіндік туып отыр. Қазақстанның келесі жылы ЕҚЫҰ-ына төрағалық жасауы Арал мәселесінің маңызына назар аудартуға және баршамыздың бірлесе отырып осы мәселе бойынша осынау аса ірі өңірлік құрылымның шеңберінде толыққанды диалогты жолға қоюымызға мүмкіндік береді", деп атап көрсетті.

Халықаралық Аралды құтқару қоры 1993 жылы Орталық Азия мемлекет басшыларының шешімімен Арал теңізі бассейніндегі экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі бірлескен іс-қимылдар жоспарлары мен бағдарламаларын қаржыландыру мақсатында құрылды.

Қордың құрылтайшылары - Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 2008 жылғы желтоқсанда қабылданған шешімі бойынша Халықаралық Аралды құтқару қорына БҰҰ Бас Ассамблеясында бақылаушысы дәрежесі берілген болатын.

Қордың құрылтайшы мемлекеттері президенттерінің 2008 жылғы 25 тамыздағы саммитте қабылдаған шешіміне сәйкес, алдағы үш жылда (2009-2011) ХАҚҚ төрағалығы міндетін Қазақстан Республикасы атқаратын болады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны