28.04.2009, 17:24 3007

Аралды құтқаруға бес мемлекет $2 млрд жуық қаржы жұмсады - Назарбаев

Аралды құтқаруға бес мемлекет $2 млрд жуық қаржы жұмсады - Назарбаев

Алматы. 28 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Аралды құтқаруға бес мемлекет $2 млрд жуық қаржы жұмсады. Бұл туралы бүгін Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының саммитінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі.

"Осы жылдарда барлық мемлекеттер өз қаржысының және несиелік қаржының есебінен 2 млрд АҚШ долларына жуық қаражат жұмсады", - деді Н. Назарбаев.

Оның айтуынша, 1961 жылдан бері Арал теңізі 10 есе кішірейді, "теңіз түбінің 4,7 млн гектар ашық қалған бөлігінен атмосфераға 120 млн тонна тұз, құм және басқа да заттар тасталады, олар бүкіл Еуразия аумағына таралуда". "Оларды кейде тіпті біздің таулардағы мұздақтардан, Еуропадан, тіпті Солтүстік мұзды мұхиттан тапқан кездер болған. Яғни бұл - әлемдік деңгейдегі зілзала", - деді ол.

Осы орайда мемлекет басшысы бүгінгі күні теңіздің бұрынғы көлемін қалпына келтіру мәселесі қойылып отырмағанын атап өтті. "Мәселе - осы суды тазартып, халыққа таза су беруде болып отыр", - деді ол. Президент теңіз бассейніндегі өзендердің аңғарларында су ең аз шығындалатын дақылдар өсіріліп жатқанын атап өтті.

"Қазақстан жағында Кіші Аралды қалпына келтіру үшін көп нәрсе тындырылып жатыр",- деді ол.

"Бүгінгі талқылаулар кезінде біз Аралды құтқару жұмыстарын одан әрі жалғастыруға келістік. Арал теңізінің бассейніндегі экологиялық ахуал мен әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту жөніндегі нақты іс-қимылдардың үшінші бағдарламасы жасалады. Біз келесі жылы халықаралық форум өткізуге уағдаластық", - деді Н. Назарбаев.

"Барлық мемлекет басшылары күш біріктіре отырып тек Арал проблемасын шешіп қана қоймай, өңірдегі су-энергетикалық қамтамасыздық мәселесін шешу қажет деген ортақ байламға келді", - деді ол.

Халықаралық Аралды құтқару қоры 1993 жылы Орталық Азия мемлекет басшыларының шешімімен Арал теңізі бассейніндегі экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі бірлескен іс-қимылдар жоспарлары мен бағдарламаларын қаржыландыру мақсатында құрылды.

Қордың құрылтайшылары - Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 2008 жылғы желтоқсанда қабылданған шешімі бойынша Халықаралық Аралды құтқару қорына БҰҰ Бас Ассамблеясында бақылаушысы дәрежесі берілген болатын.

Қордың құрылтайшы мемлекеттері президенттерінің 2008 жылғы 25 тамыздағы саммитте қабылдаған шешіміне сәйкес, алдағы үш жылда (2009-2011) ХАҚҚ төрағалығы міндетін Қазақстан Республикасы атқаратын болады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны