30.03.2007, 11:51 3202

Астанада Лондон экономика мектебі мен ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі арасындағы түсіністік туралы меморандумға қол қойылды

АСТАНА. 30-наурыз. Kazakhstan Today. Лондон-Сити лорд-мэрінің Астанаға сапары аясында Лондон экономика мектебі мен ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі арасындағы түсіністік туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Қазақстан жағынан құжатқа ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ғабидулла Ибдірахимов, Ұлыбритания жағынан - Лондон экономика мектебінің Ресейдегі және Орталық Азиядағы өкілі Юрий Бикбаев қол қойды.

"Лондон экономика мектебі өзінің артықшылықтарын ежелден паш еткен, сол себепті оның тәжірибесі қазақстандық мемлекеттік қызметкерлерге пайдалы болмақ",- деді құжатқа қол қою рәсіміне қатысқан Лондон-Сити лорд-мэрі Джон Статтард.

Өз кезегінде Ғ.Ибдірахимов "ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі Лондон экономика мектебімен үш жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын" атап өтті. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде қазақстандық 58 мемлекеттік қызметкер Лондонда оқып қайтқан, олардың 18-і жергілікті атқарушы билік органдарының қызметкерлері.

"Біз осы мектепте Қазақстан үшін экономика магистрлері мен құқық магистрлерін дайындауды одан әрі жалғастырмақшымыз",- деді агенттік төрағасының орынбасары. Оның айтуынша, магистратурада оқу құны орта есеппен 20 мың АҚШ долларына түседі, бұл шығынның бәрін Қазақстан жағы өз мойнына алады.

Ю.Бикбаевтың журналистерге хабарлауынша, осы жылдың мамыр айында Лондон экономика мектебі ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп пилотты жобаны жүзеге асыра бастайды. Соның аясында Лондон экономика мектебінің өкілдері елімізге келіп, қазақстандық мемлекеттік қызметкерлерді осы жерде оқытады. Лондон экономика мектебі өкілдерінің елімізге бірінші келуі барысында орталық мекемелерден 20 адамды оқытып шығару межеленген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны