14.11.2006, 12:35 2717

Астанаға 2007-жылы Польша президенті келеді деп күтілуде

ВАРШАВА. 14-қараша. Kazakhstan Today. 2007-жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Қазақстанға Польша президенті Лех Качыньский ресми сапармен келеді деп күтілуде. Алдағы сапарға дайындық мәселелерін кеше Варшавадағы Қазақстан елшісі Алексей Волков пен Польша үкімет басшысы Ярослав Качыньский талқылады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігіне елшіліктің баспасөз қызметі.

Кездесуде екі жақты Қазақстан-Польша ынтымақтастығының қазіргі ахуалы мен келешегіне қатысты кең көлемді мәселелер топтамасы талқыланды. Оның ішінде Қазақстан мен Польшаның мұнайгаз компаниялары арасындағы ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктері қаралды.

Үкімет басшысының айтуынша, екі елдің бір-бірінен шалғайда жатқанына қарамастан, Қазақстан мен Польша арасында ұқсастықтар көп және көптеген тауқыметтерді бірлесе шешуге мүмкіндік бар. Қазақстан мен Польша арасындағы ынтымақтастықтың басымдық берілген бағыттары ретінде Я.Качыньский экономикалық, энергетикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты атады.

Я.Качыньский Қазақстан басшылығына елде тұратын поляктарға қолдау көрсеткені үшін ризашылық білдірді. Оның пікірінше, "Қазақстанда ұлтаралық және дінаралық келісім орнатуға бағытталған мемлекеттің саясаты Польша үкіметі тарапынан айрықша жоғары бағаға ие болуға лайық".

Польша жағы сонымен бірге мемлекет басшысының "Польша қоғамының" төрағасы Анджей Стельмаховскийді екі жақты қарым-қатынасты дамытуға, қазақстандық поляктардың мәдениеті, дәстүрлері мен өзіндік болмыс-бітімін қолдауға қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі "Достық" орденімен марапаттау туралы шешімін де жоғары бағалады.

Өз кезегінде Қазақстан елшісі Польша басшылығына президент Лех Качыньский тарапынан Қазақстанның 2009-жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымына төраға болуға жасаған өтінішіне ресми түрде қолдау білдіргені үшін алғысын айтты. А.Волков биылғы жыл Қазақстанда ІІ Иоанн Павелдің тарихи сапарының 5 жылдығы мен поляктардың Қазақстанға айдалуының 70 жылдығы атап өтілетінін жеткізді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны