Атыраудағы лаңкестікке қатысы бар содырлардың бірі Украинада ұсталды
Астана. 13-желтоқсан. Kazakhstan Today - Атырауда болған лаңкестік әрекеттерге қатысы бар содырлардың бірі Украина астанасы Киев қаласының маңында ұсталды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.
Сыртқы істер министрлігінің берген мәліметіне сүйенсек, бұл азамат өткен сенбі күні қолға түскен және Қазақстан азаматы екендігі анықталып отыр.
"Бұл расында да Мұхитов Ардагер Бауыржанұлы деген Қазақстан азаматы. 24 наурыз 1989 жылы Атырау облысында туған. Қазіргі уақытта оның қандай қылмыстарға қатысы бар-жоғы туралы ешқандай мәлімет бере алмаймын, өйткені бұның барлығы да Украина құқық қорғау органдарының құзырында",- деп мәлім етті ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Ибибуллаев.
Қазір екі ел арасында Қазақстан мен Украинаның Бас прокуратуралары ортақ мәмілеге келе алатын арнайы құжат бар. Сол бойынша қолға түскен жерлесімізді жақын арада елге экстрадициялау жұмыстары жүргізілуде. Изірге Ардагер Мұхитов Киевтің уақытша қамау изоляторында. Бірақ оның нақты қандай оқиғаға және қай жарылысқа қатысы бар екендігі беймәлім. Екі елдің құқық қорғау органдары әзірше тергеу амалдарын жүргізуде.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.