17.06.2006, 14:17 2948

Азия құрлығында қауіпсіздік орнату үшін өзара ынтымақтастық пен сенімді нығайту қажет – Қытай төрағасы

АЛМАТЫ. 17-маусым. Kazakhstan Today. Азия құрлығында қауіпсіздік орнату үшін өзара ынтымақтастық пен сенімді нығайту қажет. Бұл туралы бүгін Қытай төрағасы Ху Цзиньтао Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымының ІІ саммитінде сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Ху Цзиньтаоның айтуынша, “Азияда жаңаша әрі қауіпсіз конфигурация құру үшін ықпалдастықты күшейтіп, өзара сенімді нығайта түсу қажет”. “Біз барлық мемлекеттер өз елінің тәуелсіздігін қорғай алу, даму жолын өз бетімен таңдау, ішкі және сыртқы саясатын дербес айқындау, сондай-ақ, халықаралық істер мен дамуға тең жағдайда атсалысу құқығына ие болуын біз дәйекті қолдауға иіспіз”,- деді Қытай төрағасы.

Сонымен бірге ол “Шанхай ынтымақтастығы ұйымы, ТМД, ЕурАзЭҚ, АСЕАН; Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес тәрізді ұйымдардың аясындағы ынтымақтастық аясын кеңейту, бір-бірін толықтыру үшін әріптестік байланыстардың бекем желісін құру қажеттігін” атап өтті.

Бұған қоса Қытай төрағасының пікірінше, аймақтағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдету ісін “өзара пайдалылық принципіне сәйкес” одан әрі жалғастыру керек. “Біз Азия елдерінің экономикалық тұрғыда бірін-бірі толықтыру қабілеті мен әлеуетін мейлінше айқындап, көлік, қаржы, ауылшаруашылығы, коммуникация және денсаулық сақтау салаларында белсенді іскерлік байланыстар орнатып, өзара сауда-саттық пен инвестициялық іс-қызметке қолайлы жағдайлар жасауымыз қажет”,- деді Ху Цзиньтао.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны